Қорғаныс министрі аймақтардағы әскери құрылымдарды аралады

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ведомство басшысы оқу-жаттығу полигондарын аралап, Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштерінің және Әскери-теңіз күштерінің әлеуетін байқады. Нұрлан Ермекбаев әскери бөлімдер мен қоймаларға барып, әскери техника мен оқ-дәрілердің қалай сақталып жатқанын тексерді. Сапар барысында сала басшысы Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштері институтындағы оқу процесімен танысты. Онда профессорлық құраммен кездесіп, әскери ұшқыштарды оқытуға арналған жаттығу кешенінде болды. Қорғаныс министрі әскери нысандардағы санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын да тексерді.