Қарағандылық донор соңғы 16 жыл ішінде 150 адамның өмірін құтқарды

Қарағандыда тұратын Сәуле Есенбекова соңғы 16 жыл ішінде 150 адамның өмірін құтқарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаһарман әйел қан тапсырып, осыншама жанды ажалдан арашалап қалған. Ол үшін қарағандылық тұрғын қанша литр қан тапсырған?

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Облыстық қан орталығының мамандары қаһарман әйелді әбден танып алған. «Себебі қиналған кезде жанымыздан табылып, көмек қолын созатын періштеміз», - дейді олар.

Сәуле Есенбекова, донор:

- Керек кезде мұндағы мамандар қоңырау шалады. Бірден келіп қан тапсырамын. Жуырда ғана бір оқиға болды. Перзентханада ауыр босанған ананың бірі қансырап қалған. Дереу жетіп, көмек бердім. Мен ол әйелді танымаймын. Бірақ қиналғанда қол ұшын созу азаматтық парызым. Біреуге өмір сыйласам, бойым жеңілдеп, ләззат аламын.

Сәуле Есенбекова 16 жыл ішінде 64 литр қан тапсырып, 150 адамның өмірін құтқарып қалған. Соған қарамастан, 55 жастағы келіншек өзін сергек, жақсы сезінеді. Донордың қан тобы – I. Мамандар мұны кез келген адамға құюға болатынын айтады.

Оксана Чернышева, Донорларды жинақтау бөлімшесінің жетекшісі:

- Кейде өмір мен өлімнің арасында жатқан науқасқа шұғыл қан қажет болады. Сондай қысылтаяң кезде бізді үнемі қолдайтын санаулы адамның бірі – осы Сәуле. Ол бұл қайырымдылығы үшін бар болғаны 729 теңге мен жұмыстан босату жөніндегі анықтама алады. Соған қарамастан, елгезек жан біздің өтінішімізді ешқашан жерге тастаған емес.

Сәуле Есенбекова қазір екі баласынан немере сүйіп отырған бақытты әже. Жуырда ол «Құрметті донор» атағымен марапатталған.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев