Қарағандыдағы зауытта «Спутник-V» вакцинасын шығару көлемі екі есеге артты

Шілде айына дейін кешенде кемі 6 миллион доза дәрі өндіріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін екпені жасау циклымен антикоррупциялық қызмет пен республикалық қоғамдық бақылау өкілдері танысты.

Ресейден жеткізілетін вакцина субстанциясы екі апта ішінде түгелдей препарат етіп шығарылуы тиіс. Ол кезде техникалық талаптар қатаң сақталуы керек. Егер штаттан тыс жағдай болса, препарат толық жойылады. Бастапқыда кәсіпорын айына 600 мың доза вакцина шығарса, осы айда 2 есеге көбейтіледі.

Владимир Фольмер, фармацевтикалық кешеннің өндіріс жөніндегі басшысы:

– Біз қазір «Спутник-V» компонентін шығару бойынша Ресейден кейін екінші орында тұрмыз. Себебі өндіріс көлемі едәуір артты. Маман ретінде кемі 6 млн адам екпе салдырғаннан кейін қазіргідей дүрлігу болмайды деп ойлаймын. Себебі қоғамдық иммунитет қалыптасып, әрі қарай вакцина қалыпты түрде жалғаса береді.

Халық арасында вакцина жөнінде сан-алуан пікір бар. Әлеуметтік желілерде де жалған ақпараттар желдей есіп тұр. Сондықтан республикалық қоғамдық бақылау өкілдері екпеге қатысты ең маңызды сұрақтарды назарға алып, жауап бермек. Осы бағытта ел бойынша 380 қоғам белсендісі көпшілікке түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Саида Тәукелова, республикалық қоғамдық бақылау тобының үйлестірушісі:

– Бізге вакцина бойынша хабарласып, сауал қоятындардың саны өте көп. Сондықтан қазір емдік заттардың қалай келіп, қалай толық дайын болатын процесін толық көріп шықтық. Әсіресе, қазір індеттің өршіп тұрған кезі. Сондықтан «қызыл аймаққа» енген өңірлерде біз сияқты қоғамдық өкілдер түсіндірме жұмыстарын көптеп жүргізуі керек деп есептеймін.

Қазір ел бойынша вакцинаға деген сұранысты толықтай қамтамасыз ету жоспары бар. Сондықтан фармацевтикалық кешен басшылары перпарат алдымен Алматы, Шымкент, Атырау сынды шалғай өңірлерге жеткізілетінін айтады. Ал сәуірдің 9-нан бастап елорда мен өзге де қалған өңірлер қамтылатын болады.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев