433,55 515.14 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

WorldSkills: жұмысшы мамандардың жарысы жанданды

  • 36
  • UPD: 11:20, 08.04.2021

Араға жылдан аса уақыт салып, колледж студенттері өзара мықтыны анықтауға мүмкіндік алды.

Қазір облыстық деңгейдегі бәсекелер өтіп жатыр. Үздіктері күзде ел чемпитонатында жолығады. Бұған қоса, қыркүйекте Австрия құрлықтық доданы қабылдайды. Байрақты бәсекелерге жерлестеріміздің дайындығы және жалпы қозғалысының мәні жайында әріптесім Аслан Қаженов айтып берсін.

Аслан Қаженов, тілші:

– Елордадағы политехникалық колледж. Білім ордасы ай-ти, көлік, құрылыс сияқты бағыттар бойынша бойынша еліміздегі ең үздік мамандарды дайындайды. Оған дәлел дәл осы жерден шыққан студенттер республикалық және халықаралық жарыстарда алдына жан салмайды. Тіпті, әлемдік чемпионатқа да тұрақты қатысып, жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Әрине, короновирусқа қатысты жағдай кесірін тигізгені анық. Бірақ қыз-жігіттер бабын жоғалтпапты. Қазір мұнда алдағы байрақты бәсекелерге қызу дайындық жүріп жатыр.

Бекзат Бекетов, мобильді робототехника бағыты бойынша жетекші:

- Біз жарты жыл бұрын дайындықты бастаймыз. Тіпті, кейде бір жыл. Себебі WorldSkills тапсырмалары әртүрлі және олар үш ай бұрын ғана шығады. Балаларды барлық бағыт бойынша дайындаймыз. Күніне 2-3 сағат жұмыс істесе жарты жыл дайындалады. Қарқынды жұмыс жасаса, бір-екі айда дайындауға болады.

Студенттер шеберлігін шыңдай түсуі үшін колледж су жаңа технологиялармен қамтамасыз етілді. «Жас маман» мемлекеттік бағдарламасы бойынша арнайы зертханалар ашылды. Оқу бағдарламасы өзгертілді. Оқытушылардың біліктілігі жетілдірілді. Осындай жан-жақты қолдау болғанда ғана әлемдік деңгейдегі мықты мамандарды даярлай аламыз дейді колледж басшысы.

Қасымхан Сенғазыұлы, Нұр-Сұлтан қаласы политехникалық колледжінің директоры:

- WorldSkills-ті біз чемпионатқа бір баланы дайындау деп қарамауымыз керек. Жарысқа барған кезде сарапшыларымыз сол жақтан халықаралық әдістемелерді алып келіп, үйреніп, соны оқу процесіне енгізеді. Колледжде 2 мың бала оқыса, бәріне үйретеміз. Осындай өзгерістер болып жатыр.

Иә, WorldSkills қозғалысының артында болашақ жұмысшы мамандарға мотивация беріп, олардың мәртебесін арттыру жатыр. Өйткені, өкінішке қарай, біздің елде тиісті деңгейде бағалай бермейді. Енді осы қыз-жігіттер алдағы әлемдік аламандарда ел абыройын асқақатып, жеңіс тұғырынан табылады деген үміттеміз.

Аслан Қаженов, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы