Қостанай облысындағы Қонай ауылында жағдай қашан оңалады?

Осы сұраққа Қостанай қаласының әкімдігінен жауап алынды.

Шенеуніктердің айтуынша, қар суын бұрып, айдап жіберу үшін орлар мен арықтар қазылады. Бірақ ауыл іргесінде басталған ауқымды құрылыс аяқталысымен келер жылы мұндай олқылыққа жол берілмейді деп мәлімдеді құрылыс бөлімінің басшысы. Қазір елді мекенге 180 шақырымдай инженерлік желілер тартылып жатыр. Сол себепті уақытша қолайсыздық бір-екі жылға дейін созылады. Ауданның кіреберісі мен орталық көшесі тек қағаз жүзінде жобаланады. Демек Қонайда асфальт биыл төселмейді деген сөз. Ал тұрғындарға келер жылға дейін шалшық кешіп жүруге тура келеді.

Нұржан Құрманғалиев, құрылыс бөлімінің басшысы:

– Құрылыс жұмыстары тұрғындарға қолайсыздық тудырып жатыр. Мұның бәрін жақсы түсінеміз. Биыл инженерлік желілерді тарту жұмыстарын аяқтаймыз. Мердігерлер бар. Қаражат толық бөлінген. Ауыл ішіндегі жағдай күнделікті бақылауға алынған. Көшелер бойынша түсіп кеткен аумақтар түгелімен тегістеледі.