Қызылорда облысында қадағалаушы топтар күшейтілген жұмыс кестесіне көшті

Өйткені сәуірдің 1-інен бері 244 адам вирус жұқтырып, эпидемиологиялық ахуал бойынша өңір «сары аймаққа» енген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір облыстық инфекциялық ауруханада 174 науқас ем алса, 11 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Ал бақылаушылар көп жерде санитарлық талаптардың сақтала бермейтіндігін айтады.

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының кіреберісінде «бетперде киіңіз» деген жазу болғанымен, қызметкерлер оны келушілерге ескертпейді және бақыламайды. Сондай-ақ термометрмен ешкімнің қызуын тексермейді.

Орталық мамандарына ескерту жасаған мобильді топ екінші деңгейлі банктің біріне барды. Қаржы ұйымы да үнемге әлде қулыққа көшкен-ау, антисептиктің орнына қара су құйып қойыпты. Оны мекеменің қауіпсіздік қызметі де жоққа шығара алмады. Қаржыгерлерге де түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Бектас Нұридинов, қала әкімінің орынбасары:

- Алайда түсіндіру жұмыстары нәтижесін бермеген соң міндетті түрде хаттама толтырылып, тиісті санитарлық талаптарды бұзғаны үшін СЭС-ке жолданып жатыр. Жалпы жыл басынан бері 80-ге жуық анықтама толтырып, 4 млн теңге қаражат айыппұл салынған.

Өңірде 10 мыңдай адам вакцина салдырып үлгерген. Тұрғындардың белсенділігі жоғары, бірақ ұйымдастыру жағы нашар. Оған емханаларға барғанда көз жеткіздік. Екпе егуге ұзын-сонар кезекте тұрғандар әлеуметтік қашықтықты сақтамайды. Ұжымдық келісім бойынша әзірленген кестенің де уақыты қадағаланбайтын сыңайлы.

Гүлнұр Ілиясова, эпидемиолог:

- Енді қазір қарапайым халық емес, жаппай жұмыс жасайтын контингенттер болғандықтан, мекемелермен келісім арқылы график орнатылған. Егер алдағы уақытта жаппай халыққа салынатын кезде өздерінің аймақтық дәрігерлері арқылы жазылып, уақыттарын біліп, айқындап келуіне болады.

Мобильді топтар жыл басынан бері мың жарымдай нысанды аралап, карантин талаптарының орындалуын түсіндірді. Қазір аймақ эпидемиологтары жаңа шектеу шараларын енгізу жайын қарастырып жатыр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов, Айтмұхамбет Бәйділдаев