Макинск қаласында бос тұрған ғимараттар қалпына келтіріледі

Ақмола облысы Макинск қаласының дәл орталығында шаһардың сәнін кетіріп тұрған көп қабатты үй қалпына келтіріліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нысан 90-жылдардан бері қаңырап бос тұрған еді. Бес қабатты ғимаратты 2014 жылы жергілікті әкімдік ретке келтіріп, ондағы баспаналарды кезекте тұрғандарға үлестіріп бермекші болған. Алайда, пәтерлердің ас үйі тиісті талаптарға сай келмей, жоба мемлекеттік сараптамадан өтпей қалды. Сөйтіп, жергілікті билік нысанды жекеменшікке сатуға мәжбүр болған. Алайда, 3 жыл бұрын жекенің қолына өткен жылжымайтын мүлік, енді ғана қалпына келтіріліп жатыр. «Ал, жөндеу жұмыстары күзге қарай аяқталады», - деді, аудандық әкімдіктің өкілдері.

Кенжегүл Пірімбетова, Бұланды аудандық түкш бөлімінің жетекшісі:

- Үйді кәсіпорынның жұмысшыларына беруге дайындап жатыр. Осындай ғимараттар, бос тұрған, қалада бірнешеуі бар. Қазіргі таңда қалалық әкімдік пен коммуналдық мекеме қосылып, инвентаризация жасағалы жатыр. Осы үйлердің иелерін тауып, қалыпқа келтіру үшін жұмыс жасалып жатыр.