Науқастарға қажетті дәрі-дәрмек уақытында жеткізілмейді – депутат

Мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуов дәрімен қамтамасыз етуге қатысты мәселе көтеріп, денсаулық сақтау министріне сауал жолдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандығы дәрігер депутаттың айтуынша, сәуір айының ортасы болса да, 70-ке жуық дәрі түрі әлі күнге сатып алынбаған. Бұған дейін сатып алынды деп көрсетілген 45 түрлі дәрінің өзі өңірлерге жеткізілмеген. Кейбірін тіпті қазан айынан бастап жеткізу жоспарланған. Оның сөзінше, еліміздегі онкологиялық ауруханаларда 180 мың адам тіркеуде тұр. Бұл науқастарға арналған препараттарды 10 күнге де кешіктіруге болмайды. Осы орайда, министрлік тегін медициналық кепілдік және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен берілетін дәрі дәрмекті сатып алу мен жеткізуді жеделдететін шара қабылдауы тиіс дейді депутат.