Алматы және Ренн қалалары бауырластықтың 30 жылдығын атап өтеді

Францияда Бретань аймағы орталығы Ренн қаласы Алматы шаһарымен бауырластықтың 30 жылдығын ерекше атап өтуді шешті. Осыған орай велошеру ұйымдастырылады. Ренн қаласынан бастау алатын шеру әлемнің 15 елінен өтіп Қазақстанның оңтүстік атстанасында мәреге жетуі тиіс. Қос шаһар арасындағы бауырластық қалай дамып жатқаны жайлы келесі сюжетімізде.

Бастапқыда Ренн мен Алматының бауырластығына 30 жыл толуын ауқымды шарамен атап өту көзделген. Бірақ індет жоспарды өзгертті. Екі жақты сапарлар 44 жастағы Лоран Маэ велошеруімен алмастырылды. Велосаяхатшы шараға 2 жылға жуық дайындалды. Ол өз сапарын Францияда локдаун аяқтала салысымен бастамақ.

Лоран Маэ, велосаяхатшы:

- Мен бұл велошеруді баяғыдан жоспарлаған едім. Бірақ бір жылға шегерілді. Енді бауырластық комитеті 30 жылдығын атап өтетін болып, оны жүзеге асыратын қолайлы сәт туғандай.

Ренн мен Алматы арасындағы достық өткен ғасырдың 90-жылдары студенттік алмасудан басталды. Бретань аймағының орталығындағы саябаққа Алматы аты берілді. Атына заты сай болуы үшін апорт алма ағаштары егілді. Дәмі тіл үйіретін алма жергілікті тұрғындарға ұнап, алдағы уақытта үлкен бір бақ салу көзделген. 30 жылда қос шаһар арасындағы мәдени-экономикалық байланыс нығайды.

Жанар Авар-Төребаева, Ренн-Алматы бауырластығы комитетінің президенті:

- Қымбатты қазақстандықтар бауырлас қалалардың 30 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Баршаңызға пандемияны жеңіп шығып, денсаулықтарыңыз мықты болып, ата-мекеніміз Қазақстанымыз көркейіп, биіктен көркейе беруіне шын жүректен тілектеспін.

Бауырластықтың 30 жылдығына орай Ренн қаласы өкілдері Алматымен байланысты одан әрі кеңейтуге ниетті. Індетке қарамастан алматылықтарды халықаралық ауылшаруашылық көрмесіне шақырымақшы. Көрме велосаяхатшы Лоран Маэнің өз велошеруін аяқтауымен тұспа тұс келейін деп тұр.

Дәурен Ақашұлы, Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан