Биыл елорда жолдарын жөндеуге 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді

Биыл елорда жолдарын жөндеуге 5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сөйтіп, 60-тан астам көшені жаңарту жоспарланып отыр. Дегенмен, жол жөндеу жұмыстары кешеуілдеп жатқаныны сала мамандары мойындап отыр.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

- Бұл бас қаланың қақ ортасында болған сұмдық жағдай. Жол үстінде пайда болған үлкен шұңқырға көлік жартылай түсіп кетті. Ал жүргізуші бір өлімнен аман қалды.

Жазба әлеуметтік желілерде лезде тарап кетті. Ал мамандар шұңқыр пайда болған алаңды іле-шала қоршап, бітеп тастады. Жолдағы жауын суын ағызатын канализация коллекторын су шайып, салдарынан жол үстінде шұңқыр пайда болған. Жол қызметкерлері, «бұған коммуналды сала мамандары жауапты, мәселе жол сапасына байланысты емес», - дейді. Ал көлік жүргізушілері келген шығынды кімнен өндірерін білмей дал.

Ал сақтандыру компаниясының өкілдері былай дейді:

Әмір Секербаев, апаттық комиссар:

- Сақтандыру компаниясынан ол төлемдерді ерікті сақтандыру болған жағдайда ғана ала алады. Міндетті сақтандыру бойынша төлемдер қарастырылмаған.

Былтыр елорда жолдарын жөндеуге бюджеттен 12 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Ал биыл бұл қаржы екі есе төмен. Құзырлы мекеме өкілдерінің айтуынша, жыл соңына дейін елордадағы 61 жол учаскесі жөнделіп, 36-сы толықтай ауыстырылады.

Ал мына көшедегі жөндеу жұмыстары бір апта бұрын ғана басталған. Тендердің кеш өткізілуіне байланысты жұмыстар да кеш басталған. «Бірақ жол құрылысын 2 күнде аяқтау қажет», - дейді сала мамандары.

Рустам Аблякимов, Жол жөндеу компаниясының менеджері:

- Әдетте тендер жыл басында ойнатылады, яғни қаңтарда, бірақ биыл наурыз айының соңында басталды. Сол себепті, жұмысты кеш бастадық. Бұл жұмысқа кері әсерін береді, өйткені уақыт өте тығыз. Біз кез келген жағдайда кепілдік береміз. Мысалы, жол салу немесе жөндеу кезінде мердігердің өзі үш жылдық кепілдік береді. Егер қандай да бір ақаулар болған жағдайда да біз оны қайта жасаймыз.

«Жөндеу жұмыстарының тез аяқталуына тендердің кеш өткені ғана емес, мамандардың тапшылығы да кедергі», - дейді мердігер. Мегаполистегі көшелерді жөндеу жұмыстарына бар-жоғы 300-ге жуық жұмысшы тартылған.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Жандос Сұлтанғазы, Досхан Қораз

Сондай-ақ...