Франциядағы отандасымыз француздардың өмір жасын ұзартуға елеулі үлес қосып жүр

Жанар Авар-Төребаеваның жасы шамамен 90-нан асқан қарттарға қызмет көрсетіп келе жатқанына 20 жылдан асты.

Ол клиникалық зерттеу орталығының бірінде Альцгеймер ауруын емдеу жолдарын зерттеулермен де айналысады. Қазақстандық әріптестерімен өз тәжірибесімен бөлісуге дайын.

Генгама қаласындағы емделушілерге арналған жаттығу орыны жергілікті жұртқа жақсы таныс. Дәрігер Жанар Төребаеваның кеңесіне құлақ түрушілер қазақ қызының емдеу әдісіне жүгінеді. Госпитальда жатқан қартттарға мұндай қамқорлық аса қажет. Қамқорлық қана емес, Анар ұсынған құрал-жабдықпен күніне бір рет жаттығатын жандар кәдімгідей тыңайып қалады. Әсіресе қазіргідей індет жағдайында оларды ашық аспан астында жүруінің өзі бір байлық.

Францияда көп жасаудың орташа жасы – 83 жыл. Ол енді Қазақстанмен салыстырғанда 10 жылға артық. Қалалық ауруханаларда қарт кісілердегі дертті зерттеу және оларды емдеу әдісімен айналысатын гериатр мамандарына сұраныс жоғары.

Женевьев Магадур, Генгама қаласы ауруханасы ішкі аурулар бөлімінің меңгерушісі:

– Мен осында жұмысқа орналасқанымда гериатр жүктемесі тым жоғары еді. Қазір осы мамандыққа сұраныс артып, штатты көбейту қарастырылып жатыр. Гериатр қысқа мерзімді госпитальдармен қатар ұзақ уақытты күтімді қажет ететін қарттар үйіне де қажет. 

Бретань аймағы ауруханаларындағы ұзақ жасауға қатысты әдістемелерді Жанар Төребаеаваның зерттеп жүргеніне 20 жылдан астам уақыт болды. Ол сондай-ақ Ренн мен Брест университетінің ғалымдарымен бірге Жады орталығында да зерттеу жұмыстарын жүргізді. Жанардың айтуынша, ұзақ жасаудың құпиясы негізінен көп қимылдауда көрінеді. Және дұрыс тамақтану әрі сабыр сақтап, жадыңызды жаттықтырып отыру да пайдалы екен.

Жанар Авар-Төребаева, дәрігер-гериатр:

– Мен зейнетке шыққан адамдарға қол қусырып отырмай қандай да бір интелектуалды іспен айналысуға, кітап оқуға кеңес берер едім. Көбейту кестесін қайта жаттау да арттықты етпейді. Шет тілдерін үйренудің пайдасы зор. Миға салмақ түсіру керек.

Қазақстандық дәрігерге қаралушылар арасындағы ең егде кісінің жасы 103-ке жеткен. Сондықтан Жанар дәрігер зейнетке енді шыққандарға тіпті тұла бойында бұла күші бар жандарға қарағандай назар аударады. Егер дәрігер кеңесіне дер кезінде жүгінсе, адам өмірі 60 жаста қайта басталады дейді өзі.

Жанар Авар-Төребаева, дәрігер-гериатр:

– Біздің ата-апаларымыз қырыққа келгенде қарттық келді деп есептеген. Негізі нағыз тепсе темір үзетін кездері ғой. Алпыстың өзін тал түс дейтін елміз негізі. Рас, 60-тан кейін адамның барлық функциялары біртіндеп төмендейді. Ол заңдылық. Егер ағзада ауытқулар болса, дәрігерге қаралу қажет.

Жанар Авар-Төребаева қазақстандық әріптестерімен байланыс орнатып, өз тәжірибесімен бөлісуге дайын. Бала кезінде әжесінің қолында өскен Жанар қазақ қарттарының ұзақ ғұмыр кешкенін қалайды. Тілеуі де сол.

Әурен Ақашұлы, Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан