Маңғыстау облысындағы ауылдардың жолдары шұрық-тесік

Маңғыстау облысында Шетпе мен Жетібай ауылдарының арасындағы тас жолдың кейбір жері ойылып кеткен.

Жергілікті тұрғындар асфальтты ауыр жүк көліктері бүлдіргенін айтады. Жол сапасын бақылайтын мониторингтік топ Шетпеге арнайы барып, тас жолдың қазіргі жайын көріп қайтты.

Шетпе мен Жетібайдың арасы – 68 шақырым. Жолдың Шетпеге кіретін бөлігі тегіс болғанымен, Жетібайға апаратын қарсы жолақ біраз жерге дейін төменге түсіп кеткен. Өлшегіш құрал асфальттың кей жері 18, тіптен 24 миллиметрге дейін ойылғанын көрсетіп берді.

Дайрабай Үсіпбаев, «Халықтық бақылау кеңесінің» төрағасы:

– Маңғыстау ауданы тұрғындары түсірген арыз-шағымы негізінде мониторинг жасап қарадық. Жолдың оң жақ бетінде толқыныс пайда болғанына көзіміз жетті. Шетпеге келе жатқан жолда толқыныс жоқ та, Жетібайға бара жатқан жолда бар. Ол не деген сөз? Жаздың кезі, күн ыстықта үлкен жүк машиналары өзінің тиісті көлемінен көп мөлшерде жүк алғанының кесірінен осы жолды бұзып жатыр.

Қоғамда жолдың жайын көтеріп жүрген халықтық бақылау тобының төрағасы осылай дейді. Айтуынша, жедел шара алынбаса 5 жыл бұрын 36 млрд теңгеге қайта жаңғырған трасса ойлы-шұңқырлы күйге қайта түсуі ықтимал.

Талғат Исламұлы, тілші:

– Расында да, Шетпеден Ақтауға дейінгі жолдың беті кәдімгідей отырғаны анық байқалады. Жергілікті тұрғындар соңғы жылдары асфальт бетінде мынадай жарықтардың тіптен көбейіп кеткенін айтып отыр. Ертең күн ыссыда бұл жарықтардың арасы кеңейіп, көлік қозғалысына қиындық тууы мүмкін.

Ұлттық жол сапа орталығындағылардың айтуынша, өзекті мәселе еліміздің барлық өңірінде кездеседі. Жүк көліктері құрылыс материалын, өзге де тауарларды шектік шамадан асырмай тасуы керек. Жаз айлары бұл санаттағы автомобиль қозғалысына шектеу енгізілсе де, толық тоқтату мүмкін болмай отыр деп қынжылады мамандар.

Елтай Таялиев, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК филиалының директоры:

– Өзіне тиісті жүгін тиеп тасуы керек. Қазір 20 тоннаның орнына 40 тонна тиеп алады. Қазірдің өзінде күн 25-30 градусқа барды. Ертең жаздың күндері 50 градусқа барғанда асфальт температурасы көтеріледі де, отырып кетеді. Біздің құзырымызға кірмейді, тоқтатып тексеруге. Ол көлік инспекциясының құзырында.

Айта кетейік, биыл қаңтар-наурыз айлары көлік бақылау инспекторлары 654 жүк көлігін тоқтатып, салмағын тексерген. Жүкті асыра тиеп тасымалдаған жеке және заңды тұлғаларға 17 млн 102 мың теңге айыппұл салыпты.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев