Алматыдағы Жетісу ауданының халқы цементтің зиянынан зардап шегуде

Алматыдағы Жетісу ауданының тұрғындары 8 жылдан бері цемент тасымалдаушы кәсіпорыннан шыққан шаңға тұншығып келеді. Өндіріс тұрғын үйлерге жақын орналасқандықтан мұндағы жұрт далаға шығып дем алып, кір жаюдан қалдық дейді. Ал кәсіпорынға әлі күнге айыппұл салынбақ түгілі ескерту де жасалмаған. 

Павлодарская көшесінде орналасқан мына кәсіпорын жұмысына сегіз жылдан бері тұрғындар наразылық білдіріп келеді. Өйткені құрғақ цементтің шаңы жақындағы үйлерді басып қалады екен. Тұрғындар мамыражай күн кешуден қалған. Тіпті денсаулыққа да зияны тие бастаған.

Аққу Байеділова, тұрғын:

- Жиырма метр осы зауыттан әрі қарай біздің үйіміз орналасқан. Үйдің сыртындағы шатыр, терезе алды, сайдинг бәрі осы шаң мен бетонның шаңымен көмкерілген. Өте зиян денсаулыққа. Екіншіден, мына гүрілдеген дауыстан түнде балаларымыз шошып оянады. Түнімен жұмыс істейді. 

Тұрғындардың тынымсыз жазған арызынан кейін Экология департаменті кәсіпорынға тексеріс жүргізіпті. Нәтижесінде экологиялық талапты сақтамау бойынша бірнеше заң бұзушылық анықталып, сотқа жолданған.

Дінмұхамед Лесбеков, қалалық мемлекеттік экологиялық инспекторы:

- Атап айтқанда, мынау мекемеге берілген мемлекеттік экологиялық сараптаманың және қоршаған ортаға эмиссия үшін берілген рұқсат қағазының талаптарында ауытқушылықтар анықталды. Бұл өз кезегінде ҚР Экологиялық кодексінің 51, 69-баптарының талаптарын толық сақталуына қайшы келеді. 

Ләйла Мұхамедрахимова, Жасыл экономика басқармасының экожүйелерді тиімді басқару қызметі басшысының м.а.:

- Қазіргі таңда Жасыл экономика басқармасы берген рұқсаттардың күшін жою туралы сотқа арыз түсірілді. Сот 19 мамыр күніне белгіленіп отыр. Соттың шешімімен рұқсатнама қағаздардың күші жойылғаннан кейін «Нұртау Темір» ЖШС толығымен өздерінің қызметтерін тоқтатады. 

Бірақ кәсіпорын жұмысы экологиялық талапты қалпына келтіріп, рұқсат құжатын алғанға дейін тоқтайды. Ал қаладағы санитарлық талапты қадағалаушы департамент өкілдері компания тиісті ережелерді бұзған жоқ дейді. Санитарлық қорғау аймағының жобасы да құзырлы мекемемен өткен сәуірде ғана бекітілген екен. 

Ихсан Көбеев, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

- Тұрғындарға зиянын дәлелдеу үшін бір құжат болу керек. Біз сол үшін ол жерде өлшеу жұмыстарын жоспарлап шыққанбыз, оған өкінішке орай, тұрғындар қарсылық білдіріп бізге мүмкіндік берген жоқ. Бұл наурыз айында болған. 2019-2020 жылдары жүргізілген жұмыстарда ешқандай гигиеналық нормативтер мен санитарлық талаптарға сәйкессіздік анықталған жоқ.

Цементті тасымалдаушы мекеменің жұмысы эпидемиологиялық қауіптілігі жағынан үшінші сыныпқа жатады екен. Департамент өкілі бұл жағдайда санитарлық аумақ 20 метр болса да жеткілікті дейді. Ал тұрғындар үйлер мен кәсіпорынның арасы 20 метрге де жетпейтінін айтады.

Авторлар: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев