Ковидтен үйде жатып емделуі тиіс адамдар ел аралап қыдырып жүр – «Ashyq» мәліметі

«Ashyq» мобильді қосымшасын жасаушылар елордадағы Н.Назарбаев халықаралық әуежайында болған қарбаластың себебін түсіндірді.

Белгілі болғандай, кіреберістегі ұзын-сонар кезек мобильді қосымша бағдарламасына байланысты туындамаған.

Олардың айтуынша, мұндағы кезек жолаушыларды шығарып салушылар мен күтіп алушылардың әуежайдың кіреберісіне топырлап шоғырланғанынан орын алған. Себебі көліктегі бас санитар дәрігердің бұйрығы бойынша олардың ғимаратқа кіруіне рұқсат жоқ. Алайда бас қаланың көптеген тұрғыны бұл шараны елемейді және кіреберіске көптеп жиналады.

Естеріңізге сала кетейік, енді жолаушылар әуежай ғимаратына мәртебесін анықтау үшін тек QR кодын сканерлеп кіре алады.

«Сары» және «қызыл көрсеткіштері» бар адамдарға ұшу түгілі әуежайға кіруге де тыйым салынады. Мұндай статусқа ие тұрғындар сапарларынан бас тарту үшін немесе қайта броньдау үшін билеттерді сатып алған орындарына хабарласуы керек.

Әсел Молдабекова, «Ashyq» жобасының жетекшісі:

- Біздің сараптамалық мәліметтерге сәйкес, елдегі түрлі мекемелерге кіруге тырысқандардың дені коронавируспен ауырған азаматтар.  Шамамен олардың 30 проценті басқа аймақтан келгендер. Ковид-19 дертімен байланысты болған науқастардың көбі елдің өзге өңірлерінен әсіресе Алматы мен Нұр-Сұлтанға ұшып келеді. Дәрігерлерде бұл адамдар туралы нақты мәліметтер бар, біздің ойлап тапқан жүйе де осындай азаматтарды анықтайды. Өкінішке орай, үйде ем алып жатқан науқастардың біршамасы өзінің ауырып жатқанын біле тұрып, ол уақытты демалыс деп ұғынып, басқа қалаларға барып жатады. Ол дұрыс емес. «Ashyq» мобильді қосымшасы осындай қоғамға қауіпті азаматтарға тосқауыл болады.