426,73 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда ауқымды жасыл саябақ жойылып кетті

  • 112
  • UPD: 23:17, 12.05.2021

Достық даңғылының бойындағы бұл аумақ қазір көпқабатты тұрғын үй салу үшін қоршалған.

Құзырлы мекемелер тарапынан құрылысқа рұқсат берілген. Алайда көк түтіннен көз ашпайтын мегаполистің негізгі тынысы саналатын жасыл желектің сұрауы кімде?

Мына суретте акушерлік және гинекология институты жанындағы жасыл аймақ анық көрінеді. Бір кездері бұл жерде қалың ағаш пен субұрқақ болған. Алайда мұнда бұрын саябақ болғанына сену қиын. Айналасы қоршалған жерде ағаштардың кесіліп жатқаны туралы қала тұрғындары әлеуметтік желіде жариялады.

Қалалық жасыл экономика басқармасының мәліметінше, аталған аймақта ағаштарды кесуге ешқандай рұқсат берілмеген. Есесіне, компанияның құрылыс жүргізуге рұқсат құжаты бар. 

Алмас Манияров, Алматы қ. Медеу ауданының сәулетшісі:

– Жер телімі қазір жекеменшікке тиесілі. Мемлекеттік қызмет көрсету бойынша біздің басқарма құрылыс жүргізуге рұқсат берген. Бұл жерге биіктігі 12 метрден аспайтын көппәтерлі тұрғын үй кешені салынады. Қаланы дамыту бас жоспары бойынша үйдің эскиздік жобалары регламентке сәйкес келеді. Сондықтан рұқсат құжаттары берілді. 

Табиғат жанашыры Тимур Елеусізов қалада құрылыс салуға жоспарланған жер телімдеріне қоғамдық аудит жасалуы тиіс дейді. Сонда ғана құрылыстың қаншалықты заңға сәйкес жүргізіліп жатқаны белгілі болады.

Тимур Елеусізов, Eco Fund Tabigat қорының төрағасы:

– Сараптама жасалуы керек, ағаштарды кесуге, сондай-ақ басқа да рұқсат құжаттар рәсімделуі керек. Нақты осы нысан бойынша айтар болсам, қалалық Жасыл экономика басқармасы соңғы алты жылда бұл жердегі ағаштарды кесуге ешқандай рұқсат бермеген. 

Қаладағы жасыл желектерді күтіп-ұстау мен қорғау ережесіне сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысын жүргізушілерден басқа, барлық мақсаттағы жер телімдеріндегі ағаштарды кесу үшін ресми рұқсат болу керек. Ал көпқабатты үй салу жоспарланған аумаққа бұл ереженің күші жүрмейтін сынды.  

Гүжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы