Елордада халықаралық стандартқа сай сертификаттау орталығы ашылды

Елордада техниканың сапасын тексеріп, ақауларының бар-жоғын анықтайтын бірегей зертхана ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді отандық өндірушілер халықаралық стандартқа сәйкес сертификатты алысқа ұзамай, өзімізде алады.

Дариға Ташенова, тілші:

- Cу жаңа зертханада кез келген тұрмыстық техниканы тексерістен өткізуге болады. Ол үшін мұнда электромагниттік толқындар жіберетін арнайы құрылғылар қойылған. Отандық автокөлік өндірушілері де өз өнімін осында алып келіп, сынақтан өткізуіне мүмкіндік бар.

Ғалымдар бұл жобаны әзірлеуге 3 жыл бұрын кіріскен. Биыл қаңтарда зертхана тест режимінде іске қосылды. Осы уақытта олар 40-қа жуық техниканы тексеріп, өз қорытындысын берген. Электроника бұйымдарын шығарумен айналысатын отандық компания сынақтан алғаш болып өткендердің қатарында.

Әбілхайыр Олжабаев, жеке компанияның менеджері:

- Бізге сапаның сертификаты беріледі. Отандық өніміміз басқа елдерге қарағанда деңгейі жоғары, сапасы төмен емес екендігін көрсете аламыз. Бізде өнімде радиостанциялар бар, кішігірім ұшақтар бар және газдық счетчиктер бар. Үшеуін де осы жерде тексертіп жатыр.

Дүкеннен қандай да бір электрлі техника сатып алып, оның сапасына күмәнданатын тұтынушылар да осы орталықтың көмегіне жүгіне алады. Мамандар оның нормативтік талаптарға сай келмейтінін анықтап береді. Бұл арқылы зертхана ел нарығына адам денсаулығына қауіпті тауарлардың әкелінуіне тосқауыл қояды.

Әділбек Қабенов, сынақ зертханасының жетекші маманы:

- Техникалық регламенттердің талаптарын қамтамасыз ету үшін елде керемет сынақ зертханасы құрылды. Бұл техникалық құралдар мен көліктерден шығатын электромагниттік кедергілерді өшіруге және оны өлшеуге құралған. Бұл жаңғырықсыз радиокамера болып табылады.

Әзірге мұндай зертхана әлемнің 15 елінде ғана бар. Бұған дейін отандық кәсіпкерлер басқа мемлекеттердің мамандарына жүгініп келген еді. Тағы бір айта кетерлігі, бұл сертификаттау орталығы бизнес өкілдерінің қомақты қаражат үнемдеуіне де мүмкіндік берді.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Үкімет алдындағы маңызды мақсат экономиканы әртараптандыру ол үшін бәсекеге қабілеттілігі өндірушілерге мән беріліп жатыр. Ашылып жатқан лаборатория негізінен әр өнімнің, машина жасау өндірістердің сапасын көрсетуге мүмкіндік бар. Ол 15 елде ғана бар. Автомобиль құрастыру, жоғары өнім шығарушыға өз сапасын белгілеуге мүмкіндік береді. Экспортты қолдау шеңберіндегі шаралардың бірі.

Автокөлікті сынақтан өткізу бір миллион теңге шамасында. Ал, кішігірім техниканы тексеру құны 20 мың теңгеден басталады. Ал оң нәтижелі халықаралық сертификат алғандар өз тауарын шетелдерге кедергісіз экспорттай алады.

Авторлары: Дариға Ташенова, Жандос Битабаров