Алматы облысында өркениет көшінен қалған шағын ауыл бар

Бөрібай би ауылына жаңа мектеп, мәдениет үйі және сапалы интернет байланысы қажет, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматы облысының Панфилов ауданына қарасты бұл елді мекенде асфальт деген де атымен жоқ. Кірер жолдың өзі екі жыл бұрын ғана электронды картаға енгізіліпті.

90 жылдық тарихы бар Бөрібай би ауылы дамымай, тоқсаныншы жылдарда қалып қойғандай. Елді мекенге баратын 6 шақырымдық кірме жолдың өзінде асфальт жоқ. Тұрғындар сан тарау болып жатқан қара жолмен қатынайды. Көшелер де қиыршық тас төселген күй жатыр.   

Сайын Шоқпаров, Бөрібай би ауылының тұрғыны:

- Жол керек бізге. Бұрылыстан бері қарай жүре алмай қаламыз. Қыстыгүні қар басып, қиыншылық көп көреміз.

Дүйсенбай Баекеев, Бөрібай би ауылының тұрғыны:

- Көліктер жолда қалады. Шындық керек. Асфальт биіктеу болады. Көліктер қиналмайды.

Өскелең ұрпақты өнерге баулитын клубқа қазір балалар аттап баспайды. Өйткені апатты деп танылған ғимараттың төбесі майысып, іргесі үгітіле бастаған.

Меңді Қасымова, ауылдық клубтың жетекшісі:

- 1956 жылы пайдалануға берілген. Содан бері күрделі ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Бөрібай би ауылында үш қызметкер жұмыс істейді. Мектеп тар, арнайы акт залы жоқ. Үйірме жұмыстары жүргізіледі.

Мәдени шаралар өтетін мектептің тарихы 1937 жылдан басталады. Сол кезде ол көпшіліктің көмегімен салыныпты. Кейін жанынан жапсарлас нысан бой көтерген. Ал екі мыңыншы жылы алты сыныптық білім ордасы тұрғызылып, оқушылар соған ауыстырылған. Оның өзі қазіргі заманға сай емес. Электр жарығы сөнген сайын іштегі дәретханасы да істемейді. Арнайы жабдықталған кабинеттер мен спорт залы жоқ. 

Жанат Үсенбекова, Ә.Бөкейханов атындағы мектеп мұғалімі:

- Біздің қатарластарымыз осы мектепте оқыды. Бізден үлкен аға буындарымыз оқыды. Біздің балаларымыз оқыды. Енді немерелеріміз оқып жатыр. Әлі ешқандай жаңарған жоқ. Бір сөзбен айтқанда мектеп түгелдей ескі. Сондықтан бізге заман талабына сай жаңа мектеп ауадай қажет.

Ауылға бірер жыл бұрын арнайы мұнара тұрғызылған. Содан бері байланыс жақсарғанымен интернеттің сапасы көңіл көншітпей тұр.

Жайлаубай Көбенбаев, Бөрібай би ауылының тұрғыны:

- Интернет жоқ. Балалардың әлі сабағы ақсап тұр. Біресе ана жотаға шығасың, біресе ана жолға барасың.

Мұндай проблема Бөрібай би ауылында ғана емес, іргелес жатқан Ынталыда да бар. Көп жылдан бері қордаланған мәселені ретке келтірудің тиімді жолы бар дейді мәслихат депутаты. 

Елтай Қожақов, Панфилов аудандық мәслихат депутаты:

– Округ әкімдерінің бюджетін өздеріне беру керек. Қазір бұларға 37 млн бөліп отыр. Оның 32 млн апаратты ұстауға 4,5 млн өңірлерді дамытуға. Ол 4,5 млн теңгеге ештеңе істей алмайды. Судың проблемасы, жолдың проблемасы ауылда. Сондықтан бюджетті молдап әкімнің өзіне беру керек. Әкімнің қолында ақша болса, сонда әкім халықпен бірлесе отырып істей алады.

Талғат Нұрмолдаев, Панфилов ауданы әкімінің орынбасары:

- Бөрібай мен Ынталы ауылының құжаттары болмаған. 2018 жылы техникалық құжаттары дайындалып, үкімет тарапынан ақша бөлініп, сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Ендігі жылдан бастап жолдың ақшасын сұраймыз. Екі ауылға жақсы жол салынады. Бөрібайға мектеп салынады. Содан кейін интернет мәселесімен айналысамыз. Қазір бар, бірақ нашар. Жақсартуға жұмыс жасаймыз.

Бөрібай би және Ынталы ауылында 1200 ден астам адам тұрады. Аудан орталығынан шалғайда жатқан елді мекен халқы ескірген электр желілерін ауыстырып, көшелерді жарықтандырып беруді де сұрап отыр. 

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов