Елордадағы «Жасыл белдеу» аумағында зиянды жәндіктерді жою жұмысы жүргізілуде

Орман алқабының өсуіне, дамуына және тұрақтылығына зиянды жәндіктер кері әсер етеді.

Зиянкестер ағаштардың жай-күйін нашарлатпауы үшін «Астана орманы» ЖШС орман қорғау және күзету қызметінің мамандары оларды жою жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Зиянды жәндіктер қала ішінде орналасқан елорданың «жасыл белдеуінің» өсуіне, дамуына және тұрақтылығына кері әсер етеді.

Жаппай көбейетін зиянкестер ағаштардың күйін нашарлатып, олардың төзімділігін төмендетеді, соның салдарынан өсімдіктер қурап, айналасына пайдасын (қоршаған ортаны қорғау) тигізе алмайды. Сондықтан өсімдіктер мен ағаш түрлерін өсіру кезінде зиянкестер мен аурулардан қорғау проблемасы өзекті болады.

Жыл сайын елорданың «жасыл белдеуі» аумағын күзгі уақытта бірлескен зерттеу кезінде Ә.Н. Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агро орман мелиорация ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары, «Нұр-Сұлтан қаласының қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы» ММ және «Астана орманы» ЖШС мамандары қыстайтын зиянкестердің санын анықтайды. Зерттеу нәтижелері бойынша келесі жылға орман зиянкестеріне қарсы жою іс-шараларының жоспары жасалады.

Көктемде зиянкестер дернәсілі пайда болғаннан кейін экономикалық зияндылық шегінен асқан кезде Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген пестицидтермен химиялық өңдеу жүргізіледі.

Қазіргі уақытта «Астана орманы» ЖШС орман қорғау және күзету қызметінің мамандары қайың ағашының зиянкестерін жою бойынша іс-шаралар жүргізуде.