Сырдарияның суы тартылып барады

Өзен деңгейі 30 процентке азайып кеткен. Биыл жауын-шашын аз болып тұр. Бұл дария жағасында егін егетін шаруаларға қиын. Екі жүз мың гектар суармалы алқабы бар Жетісай мен Мақтаарал аудандарында да ағын су тапшылығы байқалады. Диқандар суды Өзбекстаннан келетін Достық каналынан алады. Өңірде көшпелі жиын өткізген сенаторлар суармалы жер мәселесін талқыға салды.

Сарыағаш ауданындағы Өзбекстанмен шекаралас Алпамыс батыр ауылының тұрғындары үшін Ашынау каналы жалғыз тіршілік көзі. Бес мыңнан аса тұрғыны бар елді мекен халқы осы арықтан су ішіп, егінін суарады. Биыл каналдағы су азайып, жергілікті халықтың жағдайы тығырыққа тірелді.

Марат Айтханов, Алпамыс батыр ауылының тұрғыны:

- Өнімнің сапасына нағыз су керек кезде суды тоқтатады жылда. Айқай, шу, жанжал. Кезекпен қойып жатырмыз суды, кезекпен қойғанда да су жетпейді. Өнім ала алмаймыз. Бәріміз кредитте отырмыз. Жылда шырылдаймыз, бірақ нәтиже жоқ.

Сейтжаппар Наурызбаев, Алпамыс батыр ауылының тұрғыны:

- Күндіз-түні ұйқы жоқ, су қоятын кезде. Мына ертең түйінге кіріп жатыр. Қурап кетсе кім жауап береді бұған. Кредиттен қалай құтылады. Шиттей бала-шағамыз бар.

Биыл ағын су тапшылығы өңірдегі бірнеше ауданда байқалып отыр. Сырдария өзеніндегі су деңгейі де жылдағыдан 30% кеміген. Мамандар оны Тоқтоғұл  қоймасындағы судың азаюымен байланыстырады. Өткен жылы Тоқтоғұл су қоймасында 11 млрд текше метр су жиналса, биыл жауын-шашынның аз түсуіне байланысты 8 млрд текше метр ғана су сақталған. Өңірдегі мәселенің күрделі екенін «ҚазСуШар» өкілдері де мойындап отыр. Сондықтан олар қолда бар суды үнемдеп, тиімі пайдалану үшін өңірдегі каналдарды жөндеу жұмыстарын бастап кеткен.

Мейрлан Керімжанов, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры:

- Су тапшылығын ең бірініші Жетісай мен Мақтаарал аудандары көреді. Себебі ол жерде 200 мыңнан астам суармалы жер бар. Достық каналынан бізге мамыр айының соңына секундына 50 текше метр су келетін болса жақсы. Ал суарудың екінші кезеңі шілде, тамыз айларында 100 текше метрден келу керек. Қазір таңда 70% ғана су келіп жатыр. Осы бір аптаның ішінде басына барып, техникамен тиісті жұмысты атқарып, насостармен электр қуатын қолдану арқылы біз су жеткізуіміз керек.

Мамандар биыл ағын су тапшылығы болатынын алдын ала білген. Сондықтан шаруаларға егіс көлемін қысқартып, суды аз қажет ететін дақыл түрлерін егуге кеңес берген. Биыл Түркістан облысында 843 мың гектар алқапқа егіс егіледі деп жоспарлануда. Оның 440 гектары суармалы жер.

Нұрбек Бадырақов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Соңғы 10-15 жылдың көлемінде күріш дақылының егіс көлемі 29 мың гектардан 3 мың га дейін қысқарды. Мақта дақылының егіс көлемі 36 мың гектарға дейін қысқарды. Себебі Жетісай, Мақтаарал өңіріне келетін жалғыз Достық каналы бар. Ол жерде 96 мың га мақта дақылы бір мезетте су ішкенде су жетпей қалады. Сондықтан егістікті әртараптандырып, суды көп қажет ететін дақылдарды қысқартып, орныа суды аз тұтынатын мал азықтық, көкөніс, бақша дақылдарын егуге бет бұрып оытрмыз. Сонда ғана су тапшылығын болдырмауға әсер етеді.

Су тапшылығы мәселесіне Парламент Сенатының депутаттарын да алаңдатып отыр. Сапар барысында халық қалаулылары Түркістан магистралды каналының жөндеу жұмыстарымен, «Кеңсай Қосқорған-2» су қоймасы құрылысымен, Су үнемдеу бағыты бойынша жаңбырлатып суару технологиясын қолданатын егіс алқаптарымен және «Бөген» су қоймасының жағдайымен танысты. Су тапшылығы жылдан жылға күрделеніп бара жатқандықтан осы мәселелені шешу үшін нақты шаралар қабылдап, үкіметке депутаттық сауал жолдайтындарын жеткізді. Сенат комитетінің төрағасы Әли Бектаев еліміздегі суармалы жерлердің көлемі жалпы игерілген жердің көлемінің 8%-інен аспайтынын, ал бұл жерде ауыл шаруашылығына тиісті барлық жалпы өнімінің 35% өндірілетінін атап өтті.

Әли Бектаев, ҚР Парламент Сенатының депутаты:

- Суды үнемдеу технологиясын көбейтуіміз керек. Оның бірі мынау жаңбырлатып суару технологиясы. Екіншісі тамшылатып суару технологиясы. Міне осы технологияларды біздің шаруалар көбірек пайдаланатын болса, су аз пайдаланылады әрі үнемді болады. Бұдан басқа су келетін түрлі магистральды каналдар бар, сол каналдарды жөндеп, ретке келтіру, әсіресе бетондау керек. Үлкен қаражатты талап етеді, бірақ шаруалардың табысына, елге келетін пайдаға оң әсерін тигізеді.

Сонымен қатар сенаторлар жиында еліміздегі ирригациялық инфрақұрылымдардың да жағдайы сын көтермейтінін айтты. Республикалық меншіктегі 19 772 шақырым каналдың 11 881 шақырымының жағдайы қанағаттанарлықсыз. Шаруашылықаралық және шаруашылықішілік арналардың 90%-і әбден ескірген. Осыған байланысты елімізде ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жөнінде ауқымды жұмыстар жүргізу қажеттігін тілге тиек етті. Жалпы Түркістан облысында 87 негізгі және бір жарым мыңнан астам шаруашылықаралық каналдар бар. Мамандардың айтуынша, олардың көпшілігі жөндеуді және механикалық тазартуды қажет етеді.

Авторлар: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш