Ақтөбеде қоқыс мәселесі бақылауға алынды

Ақтөбенің қоқыс мәселесін шешуге елордалықтарға жақсы таныс «Clean City NC» ЖШС де қомақты үлес қоса бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Компанияның жауапкершілігіне берілген «Нұр-Ақтөбе» ауданы бүгінде әр жерде үйілген қалдықтардан тазартылып жатыр. Тек бір ай ішінде аумақтан 600 тонна қоқыс шығарған кәсіпорын қызмет сапасын одан әрі арттырмақ. 

«Нұр-Ақтөбе» көктем басталғалы қоқысқа толған қаладағы аудандардың бірі болатын. Жылдар бойы аумақта тазалау жұмысын жүргізген жергілікті компания мұндағы қызметін тоқтатқан соң орнына келген жаңа мердігер іске белсене кіріскен. Міндетіне берілген төрт шағын ауданның үшеуіндегі жағдайды түзеп, енді бірін ретке келтіруде.  

Арман Нұрабаев, «Clean City Aktobe» ЖШС бас директоры:

– Екінші, үшінші шағын аудандарды күнделікті алатын боламыз. 1 мен 4-ті екі күнде бір алатын боламыз. Бізде негізі қазір екі техника жұмыс істеп жатыр. Аз болып көрінуі мүмкін. Бірақ олардың сыйымдылығы жақсы, 10 тоннадай қоқыс алады бір алғанда. Алдағы уақытта қызметтерімізді жетілдіреміз. Іріктеу жұмыстарын жүргізу ойда бар. Қағаз, пластик, қоқыстарға жеке-жеке контейнерлер қойылады.

Бұл ауданда қойылған еуропалық үлгідегі 100 қоқыс жәшігі таяуда әкімдікпен бірлесе отырып, тағы көбейтілмек. Ал қызмет сапасын жетілдіруді көздеген елордалық компания бұрын адам басына 180 теңге боп бекітілген тарифті өзгертпей, абоненттер санын ұлғайтуды қолға алмақ. Себебі, 40 мыңға жуық тұрғыны бар ауданның тек 13 мыңы ғана келісімге отырған. Олар қазіргі іске оң бағасын беруде.

Бикамал Абдуллаева, қала тұрғыны:

Осы күндері тұрақты түрде қоқыс алып жатыр. Әйтесе бұған дейін алмады ғой. Тендер болмады деді ма, машина болмады деді ма. Қазір жақсы.

Әміржан Оразғалиев, Алматы ауданының әкімі:

Төрт компания аудан бойынша қызмет көрсетіп жатыр. Қазіргі таңда қалпына келтірді жұмысты, кестеге сәйкес жинап жатыр. Ол күнделікті жұмысты біз бақылауда ұстаймыз.

Қоқыс мәселесін шешуге бағытталған мұндай іс атқару қалада жалғаса бермек. Себебі күніне 140 тонна шамасында қалдық шығатын шаһар үшін бұл мәселе әлі де өзекті.

Авторлар: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков