Павлодарда кәсіпорындар мен мекемелер жұмыс күнін әнұран айтудан бастады

Павлодарда көптеген кәсіпорындар мен мекемелер жұмыс күнін Қазақстанның әнұранын орындаудан бастады. Олар ұлттық рәміздерге деген құрметті осылай білдірді.

Трамвай басқармасының ұжымы еліміздің әнұранын орындау үшін депоның алдына сап түзеді. Ұлттық рәміздер күніне арналған бес минуттық үзіліс ерекше  шабыт беріп, патриоттық сезімге  бөледі дейді өздері.

Виталий Сирик, басқарма басшысының орынбасары:

- Менің ойымша, бұл мереке жастарды отансүйгіштікке баулиды. Келешек ұрпақ тәрбиесіне біз ел болып атсалысуымыз керек.

Бүгін қоғамдық көлікке мінген әрбір жолаушы ел мен жерге деген сүйіспеншілік сезіміне бөленеді. Өйткені барлық трамвайларда Қазақстанның әнұраны орындалады. Мемлекеттік рәміздер күнінің құрметіне қаладағы кәсіпорындар, мемлекеттік және коммерциялық ұйымдар жұмыс күнін әнұранмен бастады.

Светлана Гладышева,  қала әкімінің орынбасары:

- Мектеп жанындағы лагерьлерде де әнұран шырқалды. Еліміздің  басты әнін кішкентай бүлдіршіндеріміз орындады.

Мемлекеттік рәміздер алаңына жиналған қала тұрғындары әдемі көрініске куә болды. Балалар музыка мектебінің оқушылары ардагерлер хорымен бірге өнер көрсетеді.

Ксения Миронец, хор жетекшісі:

- Біз бір жыл бойы қашықтан дайындалдық. Сондықтан біздің ұжым бүгін қос мерекені атап өтіп жатыр. Ұжым мүшелері бір-бірімен қауышып мәре-сәре болып жатыр.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат