Оралдықтар нөсер салдарымен алысып әлек

Оралдықтар су кешіп жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жауынның төпелегені сонша, 35 жеке және 25 көпқабатты үйге зақым келді. Қаланың қақ жартысы жарықсыз, ауыз сусыз қалды. Қазір коммуналдық қызмет орындарына күш түсіп тұр. Шаһардың басты көшелеріндегі жолдарды да су басып, бағдаршамдар істен шықан. 

Бес қабатты үйдің тұрғындары нөсер салдарымен алысып әлек. Олар түні бойы шатырдан сел боп аққан суды өз күшімен тоқтатуға тырысқан.

Елена Сидоренко, қала тұрғыны:

– Төртінші қабатта тұрамын. Пәтерімдегі барлық тұсқағаз бен есікт жарамсыз болып қалды. Үйдің кіреберісі былтыр ғана жөнделген еді. Нәтижесін өзіңіз көріп тұрсыз. Бұл масқара ғой.

Асқаровтар отбасы да жаңбырдың салдарымен алысып жатыр. Бесінші қабатта тұрамыз. Пәтерді екі жыл бұрын несиеге алдық. Ай сайын 50 мың теңге төлейміз. Енді жөндеу жұмыстарына шығындалуға тура келеді дейді отағасы.

Артур Асқаров, қала тұрғыны:

- Бір бөлменің жөндеу жұмыстарын есептесеңіз, 500 мыңға шығайын деп тұр. Оған КСК жауапты. Бірақ одан ешқандай көмек жоқ сияқты деп ойлаймын. Мынадай жағдай бірінші рет емес, жаңбыр жауған сайын, қар еріген сайын көктем уақытында қайталана беретін жағдай. Бірақ сол жағдайларда ешкім бізге қол ұшын беріп, жұмыстанып қызмет еткен жоқ.

Қала бойынша тағы осындай 25 үйге күрделі жөндеу жүргізілуі тиіс. Өйткені, әбден тозығы жеткен. Шатырлары қыста қарға, жазда жаңбырға шыдас бермейді. Қала билігі бұл мәселені мемлекеттік жаңғырту бағдарламасы аясында шешу қажет дейді.

Жандос Дүйсенғалиев, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Қаладағы ескі үйдің шатырлары жөндеуді талап етеді. Бірақ бұған ең бірінші кезекте көп қабатты үй тұрғындарының өздері жауапты. КСК толықтай шатырды жөндеуге қаржы жұмсай алмайды. Сондықтан тұрғындар өздері жаңғырту бағдарламсы арқылы өз үйлерінің шатыры мен лифтларын жөндеуге мүмкіндігі бар. Бірақ тұрғындардың жаңғырту бағдарламасына қатысу белсенділігі өте шамалы. Сол себепті олардың өздері қолдарын жинап, 70 пайызға жуық тұрғын келісіп жаңғырту бағдарламасы арқылы өздерінің шатырларын реттеу қажет.

Жауыннан 35 жеке тұрғын үйге залал келді, істен шыққан кәріздік сорғы станциялары қазір жөнделіп жатыр. Жарық пен суды бірінші кезекте маңызды әлеуметтік нысандарға береміз дейді коммуналдық қызмет мамандары. Жалпы жаңбырлы күндері қалада жарық жиі сөнетін болған. Оған себеп – электр желілерінің 80 проценті әбден тозып тұр.

Талғат Серікқалиұлы, Руслан Ғазезов, Болат Жарылғасов

Сондай-ақ...