Көкшетауда кәсіпкерлік нысандары Ashyq-қа қосылып жатыр

Көкшетауда кәсіпкерлік нысандары Ashyq қосымшасын енгізіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір 150-ден астам көпшілік орны аталған жүйені қолданып отыр. Олардың дені қоғамдық тамақтану орындары. «Тағы 200-ден астам бизнес өкілі жүйеге қосылуға ниет білдіріп, құжаттарын әзірлеп жатыр», - дейді сала мамандары. Жобамен жұмыс істеп жатқандар оның өте тиімді екенін айтады. Оларға түн жарымға дейін халыққа қызмет көрсетуге рұқсат берілген. Демалыс күндері де ашық болады.

Алмас Рахматуллин, мейрамхана кешенінің басқарушысы:

- Мейрамханаға Ashyq бағдарламасында көк және жасыл түсті статусы бар қонақтарды ғана кіргіземіз. Ал, кімде сары немесе қызыл белгі анықталса, біз бұл жайлы мониторинг топтарына хабарлауға міндеттіміз. Қазір бір мезетте 50 адамды қабылдай аламыз. Ал, бұрын Ashyq болмаған кезде 30 адамға дейін ғана рұқсат берілетін».

Андрей Подгурский, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі:

- Ashyq бағдарламасына қосылу үшін кәсіпкерлер, «Инфо-Қазақстан» сайтында тіркелуі тиіс. Сол жерден «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына өтінім беруі қажет. Ал, бағдарламаға қатысуға мүмкіндік алған кәсіпкерлік нысанының деректері жергілікті мониторинг топтарына беріледі.