ШҚО-да 50 мыңға жуық оқушы жаз бойы білімін жетілдіреді

Шығыс Қазақстан облысында 50 мыңға жуық оқушы жаз бойы білімін жетілдіреді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пандемияға байланысты өткен оқу жылында сабақтың көбі онлайн болды. Сондықтан жазғы мектепте сабаққа дұрыс қатыса алмаған оқушылар тапсырмаларды қайта пысықтай алады. Мұғалімдер де жұмысқа кірісіп кетті.

Сегізінші сыныпты тамамдаған Алина Қыдырханова үшін онлайн оқу жүйесі оңай болмаған. Өйткені физика, химия пәнедері бойынша үйде зертханалық жұмыс орындауға мүмікіндік жоқ. Ал нақты пәндер бойынша теория мен тәжірибе ұштасуы тиіс.

Алина Қыдырханова, оқушы:

- Мен осы жерге практикалық жұмыс істеу үшін келдім. Себебі біз онлайн оқығанда біз тек қана теориялық жұмыс істедік. Маған осы жерде көп нәтиже беріп жатыр.

Жазғы мектеп барысында оқушылар онлайн оқу кезінде кейбір өткізіп алған сабақтарын қайта өтіп жатыр. Оның үстіне бір сыныпта санаулы ғана бала болады. Бұл оқу жүйесін ата-аналар да құптап отыр.

Татьяна Сверчкова, Өскемен қаласының тұрғыны:

- Жеке сабақтарда балалардың онлайн оқыту кезінде болатын кейбір қиындықтар бар. Енді осының бәрі ескеріліп, мұғалімдер әр баламен жеке жұмыс істеп, бәрін пысықтайды.

Жазғы оқу басталғанда оқушылар ықылас танытпаған. Дегенмен, кейбір пәндер бойынша жеке оқуға болатынын естігенде балалардың саны бірден көбейді. Нәтижесінде қазір мыңдаған бала білімдерін жетілдіріп жатыр.

Сәуле Нұрқанова, облыстық білім басқармасының «Шығыс» аймақтық орталығы директорының орынбасары:

- Негізі балаларға жазғы мектеп ұнап жатыр. Мұны біз мониторинг арқылы біліп отырмыз. Алғаш басталғанда 42 мың бала жазылса, яғни 39%. Дәл қазір оқушылардың саны 50 мыңға жетіп қалды. Яғни, 7-8 мыңғы тағы артты. Оқушылардың ынтасы жақсы.

Оқушылар сабақ оқып қана қоймай, сыныптастар бір-бірін сағынғаны байқалады. Сондықтан ұстаздар жазғы оқудың нәтижелі боларына сенімді.

Авторлары: Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов

Сондай-ақ...