Қырғызстаннан шыққан транзиттік көліктер Жамбыл облысында қаңтарылып тұр

Қырғызстаннан шыққан транзиттік көліктер Ресейге жете алмай Жамбыл облысында қаңтарылып тұр. Халықтық тұтыну тауарлары тиелген 40-қа жуық жүк көлігінің жүргізушілері негізсіз тексеруге тап болдық деп наразы. Тіпті салық органы жеке бас құжаттарын да тартып алған.

Әзірге тексерушілер төбе көрсетпейді дейді. Екі аптадан бері ақшалары таусылған қырғыз азаматтары ел Үкіметінен көмек сұрайды. Ал басқармадағылар тексеру жүрмейді дегенді жоққа шығарып отыр. Тек адам саны аз екенін айтады. Тиелген тауарлар қырғыз емес, өзге елдің өнімдері болуы мүмкін деген күдік бар. Енді жүргізушілер қанша қарсылық білдірсе де мамандар анық-қанығына көз жеткізбейінше жүк көліктері орнынан қозғалмайды. Тексеріс бір айға дейін созылуы мүмкін.

Владимир Чугуев, Қырғызстан Республикасының азаматы:

- Ешқандай жағдай жасалмаған. Автотұраққа тәулігіне 4 мың теңге төлейміз. Бәрін алып қойды, құжаттарымызды қайтармайды. Салықшылар бізге тек төлқұжатымызды ғана берді. Қалған жүргізушілердікін мүлде бермеді.

Елдос Байымбетов, Меркі ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары:

- Жалған құжат бойынша ол жерде деректер бар. Сол деректер бойынша біз тексеріс жүргіземіз. Егер анықталған жағдайда әкімшілік айыппұл салынады. 7 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін.