«Пернесінде сөйлейді Ұлы дала»: елордада домбыралар коллекциясы қойылды

Ұлттық домбыра күні қарсаңында және ғасыр саңлағы, күйші Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына орай елордада Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің қорындағы домбыралар коллекциясы қойылды.

Мәдениет және спорт министрлігі мен Атырау облысы әкімдігі ұйытқы болған экспозиция «Пернесінде сөйлейді Ұлы дала» деп аталады. Көрермен назарына ұсынылған 244 жәдігердің 88-і домбыра. Оның ішінде Дина Нұрпейісованың түпнұсқа аспабы, батыр әрі дауылпаз ақын Махамбет пен Абай домбыраларының көшірмесі, сондай-ақ КСРО-ның халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің, Қаршыға Ахмедияровтың, Рыспай Ғабдиевтің, Әзидолла Есқалиевтің, сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Мекес Төрешовтің, Айгүл Үлкенбаеваның және айтыскер ақын Аманжол Әлтаевтың домбыралары бар.

Рашида Харипова, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:

– Менің қолымдағы ерекше домбыра. Бұл Әсима Ізмұхамбетова анамыздың домбырасы. Әсима анамыз Республика бойынша өткізілген Алматы қаласындағы сайыста 50-ден астам нотаға түспеген күйлерді жеткізу арқылы сол сайыстың рекордын жаңартты. Және анамыз Құрманғазының «Қарт жігер», Мақаштың басқа да күйлерін халыққа жеткізуші.