Түркістанда облыстық ҚХА-ның XXІІI сессиясы өтті

Сессияға Түркістан облысының әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Өмірзақ Шөкеев және Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшелері қатысты.

Мәжілісінің басты мақсаты - биылғы 28 сәуірде елордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» тақырыбындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясында айтылған ой-пікірлерді саралап, атқарылған жұмысты талқылау.

Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, сессия жиынында заңнамалық талаптарға сәйкес ротация тәртібімен 2019 жылдан бері облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасарларының орнына облыстық тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Юлдаш Султанов пен облыстық  түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Сафаров Сарманбайдың кандидатуралары ұсынылып, сайланды. Кеңес мүшелері жаңа лауазым иелерінің өңірдегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлігін сақтау саласындағы алдағы уақытта атқаратын жұмыстарына сәттілік тіледі.

Жиында сөз алған облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы сессияның күн тәртібінде қаралған Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сесиясының шешімдерін іске асыру мәселелері жайында айта келе, алда тұрған бірқатар міндетті атап өтті.

Сессия жұмысын қорытындылаған өңір басшысы халық бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамның негізін қалаушы құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту, Ассамблеяның мақсаты мен міндеттеріне қол жеткізу үшін этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестіктердің күш-жігерін біріктіруді қамтамасыз ету бойынша міндеттерді жүктеді.

«Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрметті Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өңірлік ассамблеяларға бірқатар нақты тапсырмалар бергені белгілі. Қазақстандық патриотизм, азаматтық теңқұқықтық қағидаттарын, мемлекеттік тілдің біріктіруші рөлін, алуан түрліліктегі бірлікті ілгерілету, ұлтты тұрақты жаңғырту жөнінде шаралар қабылдауды, елдегі этносаралық келісімге нұқсан келтіруі мүмкін сын-қатерлердің алдын алу және оларға қарсы тұрудың тиімді институты ретіндегі тиімділігін артыруды тапсырды. Кең ауқымды этносаралық коммуникациялар алаңы ретінде Ассамблеяның Аналар кеңестері мен Қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысын жандандыруды, қайырымдылық іс-шараларын жоғары азаматтық патриотизмнің үлгісі ретінде одан әрі ілгерілетуді қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, Елбасы этносаралық қарым-қатынас, қайырымдылық, волонтерлік және мемлекеттік тілді үйрену орталықтары ретінде өңірлердегі достық үйлерінің жұмысын күшейту мен олардың материалдық-техникалық базасын нығайту жөнінде нақты шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Біз өз кезегімізде, бұл маңызды міндеттерді орындау жолында ел бірлігін сақтай отырып, рухани жаңғырған, бәсекеге қабілетті қоғам қалыптастыруға үлес қосуды бәріміздің қастерлі парызымыз деп санаймын», - деді Өмірзақ Шөкеев.