Елордада жедел жәрдем шақырушылар екі есе көбейген

Елордада жедел жәрдем шақырушылар саны шамамен 2 есе артты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы тәулікте 3,5 мыңнан астам қоңырау соғылады. Коронавирус бойынша күніне 300-ге жуық шақырту түседі. Қалалық жедел медициналық жәрдем қызметінің хабарлауынша, COVID-19, ЖРВИ және пневмония бойынша хабарласатындар саны былтырғы кезеңмен салыстырғанда 40%-ке өскен. Өткен тәулікте 200-ден астам адам жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Вирустан емдеу үшін 14 стационар жұмылдырылды. Қалада 1600 науқас стационарлық ем қабылдап жатыр. Жатын орын 78%-ке толы. Жансақтау бөлімшесінде 100-ден астам пациент бар. Оның тең жартысы аса ауыр халде жатыр. Қазіргі уақытта елордада коронавирус індетінің тез таралуына байланысты еңбек демалысындағы дәрігерлер жұмысқа қайта шыға бастады.

Бота Сәдетхан, қалалық жедел медициналық жәрдем қызметі диспетчерлік бөлімінің меңгерушісі:

- Қазір осы жағдайға байланысты демалысқа кеткен қызметкерлерді қайтадан шақырып алдық. Бүгін мені өзімді қайта шақырып алды. 2 жыл қатарынан демалысымызды толық демалмаймыз. Шақыртулар саны 2200-ден жоғары. Яғни, ауыртпалық осы бригадаларға да диспетчерлік бөлімге де артып отыр. Соған байланысты бүгін таңертеңнен бастап тағы бір жұқпалы аурухана ашып жатыр – Қорғаныс министрлігінің госпиталі.