Оливер Стоун жаңа заманның көшбасшысы ретінде Н.Назарбаевты таңдады – Қ.Көшербаев

Бүгін «Qazaq: history of the golden man» деректі фильмінің тұсаукесері болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тың туынды елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен болған сұхбат негізінде түсірілген. Елбасымен сұхбатты «Оскар» сыйлығының 3 мәрте иегері, «Алтын глобус» сыйлығының 5 мәрте иегері, атақты кинорежисер, сценарист Оливер Стоун жүргізді. Ал фильмді украиналық режиссер-документалист Игор Лопатенок түсірді.

Оливер Стоун, деректі фильмнің атқарушы продюсері, интервьюер:

– Қазақстан алып державалардың ортасында орналасқан үлкен мемлекет. Бұл жерде түрлі көзқарас, түрлі мүдде бар. Нұрсұлтан Назарбаев солардың арасында тепе-теңдікті сақтап,  алыс-жақын шет елдермен бейбіт дипломатиялық байланыс орнатқан тұлға. Мемлекеттердің арасында алауыздық пайда болғанда арағайындық жасап, бірлікке шақырды. Кеңес үкіметі құлап жатқанда да талай маңызды шешімдер қабылдағанын білеміз. Соның нәтижесі – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан. Сондықтан сұхбат кезінде өзімді қызықтырған сұрақтардың барлығын қойып, жауабына қанықтым.

Фильмде Қазақстанның әлемдік саясаттағы рөлі, Елбасының қилы кезеңде қабылдаған маңызды шешімдері туралы баяндалады. Түсірілім жұмыстары 19 айға созылған. Осы аралықта шығармашылық топ елдің бірқатар өңірін аралап, Елбасының еңбек еткен таспалаған.

Қырымбек Көшербаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысы:

– Оливер Стоун бұрынғы Кеңестер одағындағы Орталық Азия мемлекеттерін осыған дейін жан-жақты зерттеген. Әлемге ұсынуға лайық тұлға іздеген. Жаңа заманның жаңа көшбасшысы ретінде таңдауы Қазақстанның тұңғыш президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа түсіпті.