Түркістан облысында диқандар судан тарығып жүр

Түркістан облысы Отырар ауылының шаруалары ағын судан тарығып отыр. Былтыр ала жаздай су болмай, еккен егістері қурап, еңбектері еш кеткен еді. Биыл да алқаптардың аңқасы кеуіп, дәнді дақылдар қурап кетудің алдында тұр. Ауыл тұрғындары «егістік жерлер тұрмақ үй іргесіндегі бақшаны да суара алмай отырмыз» дейді. Себебі елді мекенге келетін жалғыз арыққа су келмей, жұрт мал азығын дайындаудан қалған.

Үш мыңға жуық халқы бар Отырар ауылының тұрғындары егістік алқапқа суды мына Алтынбек каналынан алады. Алайда тұрғындардың айтуынша, соңғы төрт жылда бұл арықпен су толып ақпаған. Соңғы рет тіршілік нәрі мұнда сәуір айында келіпті. Содан бері жұрт тамшы суға зар болып отыр. Су болмағандықтан еккен дақылдың бойы өспей, жоңышқа оруға келмей қалған.

Нұрқұл Ердімқұлов, Отырар ауылының тұрғыны:

- Мынаны тура жылағың келеді. Еңіреп, етпеттеп жатқың келеді.  Халық шаршады әбден, алды көшіп жатыр. Не істерімізді білмейміз. Талай жерге айттық, талай жерге шағымдандық, ешқандай нәтиже жоқ.

Сәбит Жанпейісов, Отырар ауылының тұрғыны:

- Былтыр 4 гектар ектім, күйіп кетті бәрі. Мұны ешкім қайтарып бермейді оны. Биыл жоңышқа ектім, су жоқ. Бәрі күйіп кетті. Міне осы тұрған адамның бәрі күйіп жатыр. Су болмаса, егін болмаса, малымызды кім асырайды?

Жергілікті халықтың сөзінше, 2009 жылы аудан әкімдігіндегілер Алтынбек каналын бетондаған. Сол кезде Отырарға баратын тұсын жарты метрге дейін биіктетіп жіберген. Содан бастап ауылға судың баруы қиындаған.

Ал каналды қарамағына алған «Қазсушар» мекемесінің өкілдері болса арықты бетондау жұмыстарында өрескел кемшіліктер кеткенін растады. Бірақ сәуірден бері су көрмеген ауылға тіршілік нәрін тұрақты беріп тұрмыз деп айды аспанға бір шығарды.

Бекзат Жанатаев, «Қазсушар» РМК Отырар өндірістік бөлімшесінің аға инженері:

- Төрт насос қосып қойғанбыз, бір кубын Қоғам ауылдық округіне, бір кубын Қарғалы ауылдық округіне берудеміз. Су кешеге дейін болды деймін, Отырар, Қарғалыда. 

Еңбегі еш, бейнеті бос кеткен диқандардың шығынын өтейтін ешкім жоқ. Бірақ аудан басшылығы суды бірер күнде береміз деп уәде етті. 

Ырысгелді Әліш, Отырар ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазіргі таңда Алтынбек каналына екі суткадан кейін ішіндегі ағып жатқан суға 6 куб суға жеткізіп, екі суткадан кейін Отырар ауылына бірінші кезекте жүгеріге су жеткізуді қамтамасыз етеміз. Қосымша бір куб су қосамыз былай қарап. Уәде беремін.

Десе де, ағын судың азабын тартып, шығынға шаш етектен батқан шаруалар аудан әкімдігінің де, «Қазсушар» мекемесі өкілдерінің де сөзіне сенуден қалған. Мәселе таяу күндері шешілмесе, тұрғындар басқа ауылға көшеміз деп бекініп отыр. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы