Пандемия: Алматыдағы қоғамдық тамақтану орындарының жартысы жабылуы мүмкін

Алматыда пандемияның кесірінен қоғамдық тамақтану орындарының көбі жабылып қалуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, мейрамханалар қыруар шығынға ұшырады. Рестораторлардың айтуынша, карантин шектеулері толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндік бермей отыр.

«Алдағы уақытта эпиджағдай қиындап, талап тағы күшейе түссе жұмысты тоқтатуға мәжбүр боламыз»,- дейді. Кәсіпкерлер жалға алатын орын мен жалақыға миллиондап қарыз.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

- Бұл мейрамхана осыдан бір ай бұрын ғана ашылған. Иесі қауіпті індетке қарамастан тәуекелге барып, кәсіпкерлікке ден қойған. Қазір мұнда 25 адам жұмыс істейді. Оларға төленетін жалақының көлемі 4,5 млн теңгеге жуық. Жалға алған орын мен коммуналдық төлемнің ақшасы тағы бар. Рестораторлар клубының қаржы директоры Ирина Лебедеваның айтуынша, бизнес иесі карантин талаптарын толық орындады. Жұмысшылары түгелдей вакцина алған. Келушілер «Ашық» қосымшасы арқылы кіреді. Әйтеуір қазір әупірімдеп істеп тұр. Бірақ ендігі карантин шектеулерін көтере алмайды. Ал, тамақ жеткізу мәселені шешпейді.

Ирина Лебедева, ҚР «Рестораторлар клубы» қауымдастығының қаржы директоры:

- Сенесіз бе?! Індет басталғанға дейін Алматыда 5 мыңға тарта қоғамдық тамақтану орны болған. Қазір соның жартысы жұмыс істемейді. Осыған қарап-ақ саланың кері кетіп бара жатқанын бағамдай беріңіз. Осы сияқты кішігірім мейрамханалардың бір айлық шығыны 7 млн теңгеге дейін. Егер жаңа қаулы шығып, карантин қатаңдай түссе, олар мүлдем жабылып тынады. «Тапсырыс қабылдаңыздар» дейді. Мейрамханалар тапсырыспен жұмыс істей алмайды. Бізде тасуға келмейтін тамақтар бар. Шындап келгенде тасымал шыққан ақшаны да жаппайды.

Кейбір мейрамхана иелерінің қарызы бірнеше миллионға жеткен. Арасында 260 млн теңге шығынға ұшырап, 27 мекемеден тұратын тамақтану желісін жапқан кәсіпкер де бар. Тәуелсіз рестораторлар одағының басқарма төрағасының пікірінше, саланы тығырықтан алып шығу үшін бизнес иелеріне толықққанды жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек.

Радован Симонович, «Тәуелсіз рестораторлар одағы» қб басқарма төрағасы:

- Пандемияның басталғанына бір жарым жылдан асып кетті. Одан барлық саланың зардап шеккенні белгілі. Біздің жұмыс істегеннен жабық тұрған кезіміз көп. Штатты 30%-ке дейін қысқарттық. Мейрамханалардың 80%тапсырыс бойынша жұмыс істеуге бейімделмеген. Ұжым болып вакцина алдық. «Ашық» бар. Енді қоғамдық тамақтану орындарына бұрынғыдай қызмет көрсетуге мүмкіндік берсін.

Бизнес иелерінің талабынан Кәсіпкерлер палатасы да хабардар. Олар Алматыда бизнес ахуал төмендеп кеткенін жасырмайды. Жаңа қаулыда өз ұсыныстарының ескерілгенін қалап отыр.

Мақсат Сералы, «Атамекен» ҰКП Наурызбай аудандық филиалының директоры:

- Біздің «Атамекен» ҰКП ұсынысы ретінде 50%-тен жоғары қызмет көрсету персоналы вакцина алған. «Ашық» жобасына қосылған кәсіпорындарға қызмет көрсету саласындағы, оларға шектеусіз жұмыс істеуге рұқсат беру. 19-қаулы бойынша жұмысын осы бағытта, түнгі сағат екіге дейін жұмыс істей беруге мүмкіншілік беру керек. Бұны жергілікті санитарлық дәрігер және Алматы қаласының әкімшілігі мүдделі қабылдау.

Бүгінде еліміз бойынша қоғамдық тамақтану саласында 400 мыңнан астам адам еңбек етеді. Індет кезінде әбден шығынға ұшыраған да осылар. Егер карантин бұдан да күшейтіліп, келушілердің санын шектеп, жұмыс уақытын кешкі сағат 20:00-ге дейін қысқартса, кәсіпкерлер бизнестерін жабуға мәжбүр болмақ.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев