Жасыбай көлінің экологиялық ахуалы нашарлай бастады

Баянауыл курорттық аумағында демалыс орындары көбейген сайын Жасыбай көлінің экологиялық ахуалы нашарлай бастаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазірдің өзінде 30 мыңға жуық турист келіпті. Демалыс маусымы аяқталғанша тағы мыңдаған адам келеді деген жоспар бар. Табиғатты қорғаушылар бұл проблемаға алаңдап отыр. Биылғы құрғақшылық та жағдайды қиындатып жіберді.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Мына отельдің айналасындағы жасыл желек құрғақшылықтан қурап кеткен. Жеке инвестор коттедждер мен экокиіз үйлерді өз қаржысына тұрғызып, айналасын декоративті өсімдіктермен безендірген. Кәсіби маман шықырып, 200-ге жуық өсімдік түрін егіпті. Енді бұл еңбегі зая кетті.

Александр Саенко, ландшафтты дизайнер:

- Газонды үнемі суарып отыру керек. Ал тамырлы жүйесін қалыпқа келтіру үшін жеті күн бойы ылғалда тұру қажет. Су болмағандықтан өсімдіктер қурап кетті.

Жасыбай жағасындағы проблема мұнымен бітпейді. Электр желілерінің дұрыс жұмыс істемеуі де инветорларға кәдімгідей кедергі. Құрылыс жұмыстары уақытында аяқталмайды. Тұрмыстық техниканың істен шығуы жиілеген.

Қарлығаш Алдабергенова, инвестор:

- Бүгін стейктің 14 келісін лақтырып тастадық. Қой етінің жеті келісі де бұзылып кетті. Себебі, тоңазытқыш дұрыс жұмыс істемейді. 15 күн бойы жарықсыз отырдық. Ұңғымалар да жұмыс істемейді, тіршілік нәріне зәруміз.

Проблеманың шешімі – электр қуатын арттыру. Жасыбай көлінің маңындағы жаңа қосалқы станция іске қосылмақ. Электр желілерін тарту жұмысы аяқталуға жақын.

Роман Гончаренко, энергия таратушы компания өкілі:

- Әзірге бірқатар ақаулар бар. Энергетиктер оларды жойған соң тағы бір мәрте тексеріс жүргізеді. Барлығы дұрыс болса, нысан іске қосылады. Алдымен 72 сағаттық сынақтан өткізіледі.

Жасыбай жағасындағы инженерлік инфрақұрылымның болмауы экологтарды да алаңдатып отыр. Демалушылардан қалатын күл-қоқыстар көлді бүлдіріп жатыр. Мамандардың айтуынша, кәріз жүйесі болмағандықтан, су ластанып, құрамы бұзылуда.

Қанат Ахметов, биология ғылымдарының докторы:

- Салдарынан көл батпаққа айналып барады. Көлде су айдынының экожүйесіне тән емес альгофлора, микрофлора және тағы басқалары пайда болады. Яғни, Жасыбайдың суы бұзылып, жануарлар мен балық әлеміне әсер етеді.

Орталықтандырылған кәріз және су жүйесін жүргізуге жергілікті биліктің шамасы жетпейді. Ол үшін бюджеттен қыруар қаржы бөлу керек. Жалпы бұл бағыттағы жоспар 10 жыл бұрын құрылған екен.Әлі іске аспағандықтан, инвесторлар өз ақшасына жасап жатыр.

Салтанат Нұрмағамбетова, облыстық туризмді дамыту және спорт басқармасының бөлім басшысы:

- Баянауыл ауданының әкімдігі жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бюджеттік өтініш дайындауға кірісті. Болашақта демалыс орындарының барлығы таза сумен қамтылады. Сонымен қатар орталық кәріз жүйесі салынады.

Осы жылы Баянауылда туризмді дамытудың жаңа концепциясы әзірленді. Жоспар негізінде 2025 жылға қарай Жасыбай орталықтандырылған су жүйесімен қамтылады. Бүгінде жоба Экология министрлігі тарапынан қолдау тапты.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат