Фермерлерге жіберілетін су көлемі артты

«Достық» мемлекетаралық арнасы бойынша Түркістан облысының фермерлері үшін су жіберу көлемі 80-нен 90 м3/с дейін ұлғайды, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Биылғы 19 шілдеде Ташкент қаласында ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Өзбекстан Республикасының су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраевпен кездесті. Олар кездесу барысында Сырдария өзенінің орта және төменгі ағысындағы су жағдайын жақсарту жөніндегі бірлескен шараларды талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша «Достық» мемлекетаралық арнасы арқылы Түркістан облысының Мақтаарал мен Жетісай аудандарының фермерлері үшін су жіберу көлемі 80-нен 90 м3/с дейін ұлғайтылды.

Сондай-ақ Шардара су қоймасына келетін ағынды арттыру бойынша бірлескен шараларды жалғастыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. Сонымен қатар кездесу барысында Қазақстан үкіметі мен Өзбекстан үкіметі арасындағы трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару әрі пайдалану туралы келісімнің жобасы талқыланды. Тараптар осы жылдың соңына дейін келісім жобасын келісу рәсімдерін аяқтау ниеттері бар екенін растады.