Өскемендік мониторингтік топ азық-түлік сататын орындарды аралады

Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері көкөніс пен қант, күнбағыс майы, сүт өнімдері қымбаттап кеткені белгілі.

Мамандар бұған өткен күздегі астықтың жылдағыдан аз болып, коммуналдық қызмет және жанармай бағасының шарықтауы ықпал етті деп отыр. Дегенмен де, енді әлеуметтік маңызы бар 19 тауарға қосылатын үстемақы 15%-тен аспауы тиіс.«Сауда қызметін реттеу туралы» заңға енгізілген өзгеріс пәрмені осындай. Өскемендік мониторингтік топ азық-түлік сататын орындарды аралап, осы өзгерістің қалай жүзеге асып жатқанын көріп шықты. Алайда, әзірге ешқандай заңбұзушылық  байқалмаған. Жалпы үлкен сауда орындарынан бөлек, қалада тұрақтандыру қорының дүңгіршектері жұмыс істеп тұр. Алдағы маусымаралық кезеңде ол сауда нүктелеріне 3 мың тоннаға жуық көкөніс жеткізу жоспарланған. Әзірге онда 8 түрлі азық-түлік арзан бағамен сатылып жатыр.

Олжас Құдайбергенов, қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімі басшысының орынбасары:

- Қала бойынша әлеуметтік кәсіпкерлік қоғам «Ертіс». Оның 15 сауда нүктесі жұмыс істеп тұр. Өздеріңіз көріп тұрғандай, бүгінгі таңда 8 тауар саудаланады, өте төмен бағамен. Қаланың ортаңғы бағамен салыстырғанда 20%-ке төмен.