Бозайғырда әкім болудан үміткердің ең жасы отызда

Елордадан 50 шақырым жердегі Бозайғыр ауылында 5 үміткер әкім сайлауына түсіп отыр. Бүгін олар үшін маңызды күн. Ауылдық округте 1600-ден астам дауыс беруші тіркелген. Сайлау учаскелері таң сәріден бері жұмыс істеп тұр. Ауылдағы дауыс беру қалай жүріп жатыр?

Ақмола облысында ең тартысты саяси науқанның бірі Бозайғырда өтіп жатыр. Мұнда 5 адам саяси аламанға түскен. Кандидаттардың алды 60-та, ал ең кішісі - 30 жаста.

Қайыргелді Рыспаев, Бозайғыр ауылының тұрғыны:

- Бұл өте жақсы шешім. Өйткені бұрын жоғарыдан тағайындайтын. Қазір халық өзі сайлап алады. Осы жолғы сайланған әкім халыққа жайлы болады деп үміттенеміз. Ауылымыз өркендей берсін.

Сайлау учаскесі таңғы 7-де ашылды. Алғаш болып ауылдың алдыңғы буын өкілдері келді. Олар елді мекенде оң өзгерістер көп болатынына сенімді.

Тоқтар Хамзин, кандидаттың сенімді тұлғасы:

- Міне мынадай дәптерге жазып отырмыз. Неше кісі лақтырғанын жазып отырмыз. 26 адам тастапты осы уақытқа дейін. 7-ден өткенде кірдік. Мына жерде 1-2 кісі жүрді. 40 жылдық опытым бар. Кім жеңеді, соның қолын алып құттықтаймыз. 

Ауыл әкіміне кандидаттардың ешбірі бұған дейін бұл қызметті атқармаған. Сондықтан жауапкершілік жүгі екі есе ауыр екенін түсінеді. Учаскедегі процесті байқаушылар мен сенімді тұлғалар бақылап отыр. Одан бөлек санитарлық ережелердің сақталуы да қатаң назарда.

Қайрат Ардагер, Бозайғыр ауылдық округі сайлау учаскесі төрағасының орынбасары:

- Халықтың белсенділігі жақсы. Осыған дейін келіп, аты-жөндерін қеліп біліп кетті. Біздің округке 3 елді мекен кіреді. Соның ішінде 1660 адам дауыс береді. 

Бозайғырда бұдан бөлек тағы 2 учаске бар. Онда шалғайдағы елді мекен тұрғындары дауыс береді. Сайлау кешкі сағат 8-ге дейін жалғасады. 

Рауан Мыңбаев, Ержан Қанапияұлы