Қарағанды облысының халқы бүгін 75 ауылдың әкімін сайлайды

Қарағанды облысының халқы бүгін 75 ауылдың әкімін сайлайды. Таңмен таласа тұрған сайлаушылар дауыс беруге белсенді келіп жатыр. Сонымен түске дейін қанша адам өз таңдауын жасады? 

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Осы сағатқа келіп түскен мәлімет бойынша адам дауыс берген. Әзірге қандай да бір заңға қайшы әрекеттер тіркелмеген. Саяси науқанның барынша әділ өтуін бақылаушылар мұқият қадағалап отыр. Бұл туралы осыдан бірер минут бұрын өткен брифингте облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерқара Аймағанбетов мәлімдеді. Айта кетейік, сайлау учаскелерінде санитарлық талаптар қатаң сақталған. Қазір сайлау 149 елді мекенде өтіп жатыр. Онда 134 мыңнан астам халық тұрса, соның 81 мыңы дауыс беруге құқылы. Жұрт жаңа әкімдерден зор үміт күтеді.

Банфет Салықов, Топар елді мекенінің тұрғыны:

- Ойлаймын, ауылдық жерлерде жаңа өзгерістер болады, әкімдеріміз жаңадан жұмыс бастайды деп. Әрбір ауылдық жерде өзінің бюджеті болады деп жатыр келешекте, ақша болған соң әкімнің де қолы ұзарады. Бірақ ашықтық керек енді. Егер қандай да бір үлкен мәселе болса, әкім ауыл адамдарымен, қоғам белсенділерімен ақылдаса отырып істесе, «келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, бұл оң нәтижесін береді.

Бұл жолы халық 75 елді мекеннің әкімін сайлайды. Ал үміткерлердің жалпы саны 257, оның 42-сі әйел адам. Басым көпшілігі өзін-өзі ұсынғандар. Бір орынға ең кемі екі адамнан, кей ауылдарда тіпті 6 адамнан түсіп жатыр. 

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Үміткерлердің басым көпшілігі мемлекеттік қызметкерлер. Дегенмен, арасында кәсіпкерлер, бюджеттік мекеме өкілдері де бар. Айта кетейік, ең жас үміткер 26-да болса, ересегі 62-де.