Маңғыстауда жиын-тойға барғандар 80 мың теңге айыппұл төлейді

Себеп сол, өңірде эпидемиологиялық ахуал нашарлап барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Коронавирус жұқтырғандар саны соңғы 1 аптада 2 мыңға жуықтаған. Жансақтау бөлімінде 107 науқас жатыр. Сондықтан аймақта мониторингтік топ жұмысы күшейтілді. Өткен демалыс күндері өңірдегі 256 нысанға рейд жүргізілген. Нәтижесінде 57 хаттама толтырылды. Әсіресе, мейрамханалардағы жиын-той тыйылмай тұр. Сенбі, жексенбі күндері мониторинг тобы Мұнайлы ауданындағы 4 тойды тоқтатса, 10-ға жуық мейрамханадағы тапсырыс кері қайтарылған. Тіпті, бір тойхана әкімшісі жиылған қонақтарды шығармай, 5 сағат бойы ғимарат ішінде ұстаған. Рейд кезінде Ақтау қаласындағы 47 дәмхана мен түнгі клубтардың да санитарлық талапты бұзғаны анықталды.

Анар Шамшадинова, мониторингтік топ мүшесі:

- Бірқатар кәсіпкерлердің жауапсыз қарап отқаны өте өкінішті. Дәл қазіргі кезде халықтың басын жинап, жастардың шуын ұйымдастыратын кезең емес. Бірнеше кафе, ресторанда болдық. Әкімшілері білмей қалғанын, енді қайталамайтынын айтып, ақталып жатқандар бар. Ішінде топтың іс-әрекетін қабылдамай, күш жұмсаған күзетші бар екені қаяу салады. Бір түнгі клубта 2-3 сағаттай тұрдық, есік қағылса ешкім жауап бермейді. Ең соңында еріксіз ашуға тура келді. Көңіл көтеретін кештің өтіп жатқаны туралы хабарлама келіп жатты. Ішке кіргенде ешкім жоқ. Өйткені олар сол уақыттың ішінде адамдарды жіберіп тастаған. Іштегі қызметкерлердің біреуі де маска кимеген, карантин талаптары сақталмаған.