Павлодарда жалған вакциналау паспортын жасатқандар іздестіріліп жатыр

Павлодарлық полицейлер вакциналау паспортын сатып алғандарды іздестіріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресми деректерге сүйенсек, 200-ден астам тұрғын екпе салдырмай, жалған құжат жасатып алған. Бұған дейін жергілікті емхананың төрт маманы ұсталған еді. Олар электронды базаға жалған мәліметтер жүктеген. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Мамандар күдіктілердің ұялы телефондарын тәркілеп, ақша аударымдарын анықтауда. Жалған құжаттар да табылып, тиісті сараптамалар тағайындалды.

Нұрлан Мәсімов, облыстық ПД бастығы:

- Қазіргі уақытта облыстық полиция департаменті жалған құжат жасатқан және оны қолданған азаматтарды іздестіруде. Бұл тұлғаларға қатысты тексеріс жүргізіліп, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Тергеу амалдары ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы 3-бөлігі бойынша жүргізіледі.