ШҚО: жоғарғы сыныптар жабылады

Шығыс Қазақстандағы Долонь ауылында жоғарғы сыныптар жабылайын деп жатыр.

Мамандар оқушылардың аудан орталығындағы интернатқа баратынын айтады. Алайда бұл шешімге ата-аналар қарсы. Балаларының соңғы сыныпты, ауыл мектебінде бітіргенін қалайды.

Денис Парфёновтың мектепті бітіруіне бір жыл ғана қалды. Алайда әкімдіктің жаңа қаулысына сейкес, ол туған ауылынан түлеп ұшпауы мүмкін. Өйткені мұндағы білім ордасын «тоғызжылдыққа» айналдыру жоспарланған.

Денис Парфёнов, оқушы:

Мен өзім туып өскен ауылымда оқып бітіргім келеді. Достарым да осында. Барлығымыз осы мектептен үлкен өмірге аяқ бассақ деймін. Қарындасым да,бауырым да осы жерде оқып жүр.

Білім бөлімі мамандарының айтуынша, бұл жердегі жоғарғы сыныптар нормативтік талаптарға қайшы.Сондықтан ата-аналарға балаларын көрші ауданға ауыстыру туралы ұсыныс айтылды. Немесе потранатты отбасы табу туралы да кеңес беріліпті. Бұндай ойға тұрғындар үзілді-кесілді қарсы.

Әсия Бозаева, Долонь ауылының тұрғыны:

– Президентіміз ауылдық жерде мектептер жабылмасын деген жоқ па? Ауыл-аймақты көтеріңдер демеп пе еді? Неге барлығы керісінше болып жатыр. Мынадай індет өршіп тұрған кезде мен немерелерімді қалай айдаладағы интернатқа жіберемін.

Тина Махвиладзе, Долонь ауылының тұрғыны:

– Мен мысалы біреудің баласын қалай қамқорлыққа аламын.Бұл деген үлкен жауапкершілік қой. Мектеп аяқтағалы отырған оқушы үшін де бұл оңай емес.

Тиісті ережеге немқұрайлы қарауға болмайды дейді сала мамандары. Мектептегі балалар саны 81-ден кем болмауы керек.Ал мұнда 61 бала.11 сыныпта бар болғаны екі-ақ оқушы.

Рүстем Оразалин, Бесқарағай ауданы білім бөлімінің басшысы м.а:

– 2019 жылы ревизиялық комиссия жүргізілді. Соның шешімі бойынша, орта білім беруден негізгі мектеп статусына ауысу қажет. Барлығы да заңға сәйкес. Оқушы саны аз болғандықтан, қаржыландыру да орынсыз.

70 жылдық тарихы бар білім ордасы жыл сайын жөндеуден өтеді. Роботтты техника сыныптары да,шағын орталықтары да бар. Негізінен 120 балаға шақталып салыныпты.Жалпы осы Бесқарағай ауданында тағы 3 мектеп осындай өзгеріске ұшырамақ. Ал долондықтар болса,бұның соңы ауылдағы ағайынның үдере көшуіне әкеп соғады деп алаңдаулы.

Авторлары: Әсем Утешева, Эльмира Ахметова, Берік Жобалайұлы