Елімізде жыл басынан бері 544 орман өрті тіркелді

Тілсіз жау бейқамдықты кешірмейді. Елімізде де орман-дала өрті жиілеп барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл басынан бері 544 орман мен 51 дала өрті тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7%-ке көп.

Елде 2420 дала алқабы жанған. Өрт аумағы 150 мың гектардан асыпты. Ал өткен жылы қызыл жалын шарпыған аумақ 190 607 гектарды құраған еді.

Талғат Уәли, ҚР ТЖМ ресми өкілі:

- Ағымдағы жылдың басынан бері (1 сәуірден бастап) 544 (+7%, 2020ж. – 508) орман (ШҚО – 167, Павлодар – 95, Ақмола – 92, Қостанай – 61, СҚО – 33, Алматы – 31, Қарағанды – 21, Ақтөбе – 17, Қызылорда – 11, БҚО – 8, Атырау – 4, Түркістан – 3 және Жамбыл облыстары 1) және 51 (-42,6%, 2020ж. - 89) дала өрті, сондай-ақ 2420 (-7,6%, 2020 ж. – 2 620) дала алқаптарының жануы тіркелген. Өрт аумағы 150 (150 736) мың гектардан асты (-21%, 2020ж. – 190 607 га) Табиғи өрттердің туындау тәуекелін болдырмау және азайту мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдар алдын алу шараларының кешенін жүргізеді.

Ал биыл елордада құрғақ өсімдіктердің жануы бойынша 306 дерек тіркелді. Бұл былтырмен салыстырғанда 20%-ке артық. «Оның басты себебі құрғақ ауа райы», - дейді маман.

Еркін Отарғалымұлы, қалалық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:

- Жану фактілері жиілей түсті. Оның себебі ыстық құрғақ ауа райы. Көп жағдайларда саяжай маңайларында. Жыл басынан бері 469 факт тіркелді. 7 адам қайтыс болып, 11 адам жарақат алды. Құрғақ шөптің, қамыстың, қоқыстың жануы тіркелді.

Елордада 15 тамыздан бастап төтенше жағдай қызметкерлері жер үйлерді араламақ. Мұндағы мақсат – тұрғындардың жылыту маусымына дайындығын пысықтап, сақтық шараларын сақтауға шақыру.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Наурызбай Құрманғазы