Елордада сенбі күні қоғамдық көлік қайта жанданады

Елорданың қоғамдық көлік қозғалысы 28 тамыздан бастап сенбі күндері жұмыс істейтін болады. Бұл шешім Қазақстан Республикасының аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияда, сондай-ақ ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес қабылданды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.

Жексенбі күндері автобустар жүрмейді. Бұл күні қала автопарктерінің автобустары ауқымды дезинфекциядан өтеді. Бұл ретте жолаушылар жиі ұстайтын тұстарды өңдеуге ерекше назар аударылады.

Айта кету керек, автобустарда дезинфекциялық жұмыстар ауысымнан кейін күн сайын жүргізіледі. Сонымен қатар, соңғы аялдамаларда салонды дезинфекциялық ерітіндімен өңдеу де жүзеге асырылады.

Жұмыс күндері қоғамдық көлік штаттық режимде сағат 06:00-ден 23:00-ге дейін жүреді.

Қоғамдық көлікте бетперде режимін сақтау қажет. Автобусқа бетпердесіз кіруге болмайды. Жол ақысы қолма-қол ақшасыз төленеді: көліктік карта көмегімен немесе QR-код сканерлеу арқылы.