Көкшетауда пәтер 12% қымбаттады

Жаңа тұрғын үйдің әрбір шаршы метрі орташа есеппен 280 мың теңге шамасында, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір бөлмелі баспана алу үшін кемінде 10 млн теңгедей қажет. Жергілікті риэлторлар осылай дейді. Пәтер құнының шарықтауына не себеп? Дамир Мақанов бірнеше айдан бері пәтер іздеп жүр. Жылжымайтын мүлік жарнамалары салынатын сайттарды жиі қарайды. Алайда әлі күнге қолайлы бағада баспана таба алмапты. Ол нарықтағы құнның шарықтауына байланысты жоспарын кейінгі ысырып қоюға мәжбүр болған.

Дамир Мақанов, Көкшетау қаласының тұрғыны:

- Дәл қазіргі нарықтағы бағамен пәтер сатып алуға көпшілігінің қалтасы көтермейді. Неге сонша қымбаттағанын түсінбеймін. Біреулер Бурабайдағы тамаша табиғатқа жақын орналасуымен байланыстырады, бірақ Көкшетау қаласы тынығу орнынан атшаптырым жерде ғой.

Баспана көптің ортақ базынасы болып тұр. Бағаның жылдан жылға өсуі жұртты арманынан алшақтатып бара жатыр.

БЛИЦ:

- Көкшетауда пәтер бағасы қымбат. Қарапайым жұмысшылар ипетокалық несие ала алмайды. Жалақы төмен.

- Жаңадан салынған баспаналарды сатып ала алмаймыз. Екінші нарықтағы үйлерді де алу қиын.

Сарапшылардың айтуынша, қымбатшылыққа зейнетақы қорының бір бөлігін пайдалану тәртібі себеп болған. Пандемияның да салдары жоқ емес. Өйткені соңғы кездері тұрғындардың төлем қабілеті күрт төмендеген көрінеді. Оның үстіне «Баспана хит» бағдарламасының жабылуы да жығылғанға жұдырық болды.

Ғалия Зияденова, Қазақстан риэлторлар қауымдастығының өкілі:

- Менің ойымша, қазіргі нарық бағасы жыл соңына дейін дәл осылай сақталатыны анық. Ал келер жылы не болатынын елестету қиын. Өйткені қазір экономикалық жағдай мәз емес. Баспана бағасы елдің қаржылық әлеуетімен тікелей байланысты.

Қаланың шеткі аумақтарында бір бөлмелі жаңа пәтерлер 10 млн теңге тұрады. Ал орталықта кемінде 14 млн теңгеден басталады. Бұл бағалар тек қолма-қол төлемге ғана арналған. Ал ипотекалық несие алуға көпшілігінің төлем қабілеті жетпейді. Тұрғындарға жаңа мүмкіндік жасау үшін оңтайлы бағдарлама әзірлеу керек дейді сарапшылар.

Еркебұлан Смадияров, Евгений Шинкаренко