Түркістанда туризм дамып келеді

Түркістан облысы Төле би ауданындағы «Қасқасу тау-шаңғы» курорттық базасы болашақта әлемдік деңгейдегі демалыс орнына айналуы тиіс.

Қазір мердігер мекеме тиісті құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Қасқасу тау бөктерінде туристерді қызықтыратын ауқымды жобаның құрылысына қан жүгірді. Яғни, 280 гектарды қамтитын шаңғы базасының курорттық кешені бой көтереді. Әзірге мұнда инженерлік желілер мен инфрақұрылым жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сайрам-Өгем табиғи Ұлттық паркінің ерекше қорғауындағы аймақтың бір бөлігінде құрылыс жұмыстары қарқын алды. Жоғары кернеулі электр бағаналары орнатылып, кәріз жүйесі тартылып жатыр. Қалдықты қайта өңдейтін кешен де салынады. Әзірге курорттық базаға апарар жол тегістеліп, тас төселген. Бұған бөлінген 1 миллиард 800 миллион теңгенің басым бөлігі игеріліпті.

Омар Жанқалов, Төлеби аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- Сметалық құны былтырғы сараптамаға қарағанда 21 млрд болатын жоба бойынша жұмыстар басталды. Жоба бойынша жыл бойы тоқтамай демалуға келушілерге шаңғы тебуге мүмкіндік болады. Келешекте жоспарлағандай жалпы шаңғы трассалардың ұзындығы 27 шақырым болады.

Мұнда бір күнде 4 мыңға жуық туристті қабылдауға мүмкіндік жасалады. Аспалы арқан жолмен тауға өрлеп, табиғат көркін биіктен тамашалау үшін заманауи қондырғылармен жабдықталады. Келушілерге арнап қонақ үй, тамақтанатын түрлі орын салынады. Бастысы, шаңғы спортымен кәсіби айналысатындар мен үйренуге келген саяхатшыларға жайлы орта құрылады. Тек тау аймағында қолайлы климаттың сақталуы маңызды.

Бақтияр Шаимов, «Түркістан «ӘКК» АҚ инвестициялық жобаларды дамыту департаментінің директоры:

- Метеорология мамандарына ресми сұрау салып 20 жылдық аспан құбылысын анықтадық. Сондай-ақ бізде соңғы 30 жылдық метеодеректердің ресми құбылыстары бар. Сондықтан бұл бағытта ешқандай мәселе туындамауы керек. Алайда табиғат құбылыстарына ешкім кепілдік бере алмайды.

Ауқымды жоба Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының бақылауында. Қазір инвестормен келіссөздер жүргізілуде. Осылайша бюджеттен бөлінген ақша мен кәсіпкердің қаржысы ортақ мүддеге жұмсалмақ. Әзірге құрылыс жұмыстарының аяқталатын мерзімі бекітілген жоқ.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Раул Ғабитов, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов