«Петропавл – Қорған» бағытындағы республикалық тас жолдың құрылысы тоқтап қалды

Солтүстік Қазақстан облысында «Петропавл – Қорған» бағытындағы республикалық тас жолдың құрылысы тоқтады. Оған материалдардың қымбаттауы себеп болып отыр. Жұмыстың қашан жалғасары белгісіз. 2017 жылы қолға алынған  жобаның 16 шақырымы жөнделмей қалуы да мүмкін.

Мемлекетімізге Еуропадан келетін қонақтар дәл осы жолмен жүреді. Еліміздің солтүстік қақпасы атанған өңірде жолдың сапасы сын көтермейді. Мәселен мына учаскеде жөндеу жұмыстары жүріп жатқанына бақандай бес жылға жуықтаған.

Абай Құсайыновтың көлік тізгіндеп, Қазақстан мен Ресей арасында тауар тасымалдап жүргеніне 30 жылдан астам уақыт болған. Жүргізуші жолдың жайын жақсы біледі. «Сапасы нашар болғандықтан, уақыт жолғалтамыз әрі көлігіміз де тез тозады»,– дейді ол.

Абай Құсайынов, көлік жүргізушісі:

–Он шақырым жерге итіңдеп-итіңдеп 1-1,5 сағатта жетеміз. Үш айдың ішінде ешқандай жылжу жоқ. Қыс келді ғой. Ұят нәрсе ғой. Мына жерді дұрыстап қоюға болады ғой.

Вячеслав Баранов, көлік жүргізушісі:

– Басқа мемлекеттерден келген жүргізушілер мына шұрық-тесіктермен жүріп көліктерін сындырып жатады. Айналдырған 15-20 шақырымдық жолды жөндей алмай жүргендеріне бірнеше жыл болды. Тезірек қалыпқа келтірсе дейміз.

Бұл республикалық маңыздағы тас жол. Облыс орталығынан Ресей шекарасына дейінгі аралық небәрі 60 шақырым. Оны қайта жаңғыртуға ел қазынасынан 30 миллиард теңгедей ақша бөлінген. 16 шақырымы аяқсыз қалды. Биыл аталған учаскеде ешқандай жұмыс жүргізілмеген. Жол құрылысына жұмылдырылған барлық техника тоқтап тұр.

Қанат Өсербаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ СҚОФ Директорының орынбасары:

– Жолға жауапты мердігер «К-Дорстрой» компаниясы. Биыл олар сметалық құжатқа түзетулер енгізуді сұрап, бізді сотқа берді. Айтуларынша, құрылыс материалдары қымбаттаған. Енді тек соттың шешімін күтеміз.

Әзір сот процесінің қашан аяқталатыны белгісіз. Сондықтан жүргізушілер үшін тақтайдай тегіс жол арман болып қала бермек.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев