Ақтөбеде тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін белгіленген тариф өсуі мүмкін

Ақтөбеде қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін белгіленген тариф өсуі мүмкін. Шаһарды күл-қоқыстан тазалау мәселесіне талдау жасаған қала билігі осындай қортындыға келіп отыр. Себебі, жұмысқа жұмылдырылған компаниялардың штат санын көбейтіп, жаңа техника алуға жағдайы жетпейтіні анықталған.

Күл-қоқыс мәселесі Ақтөбеде соңғы жылдары күн тәртібінен түспей келеді. Аулаларда қалдыққа толы жәшіктердің көрінісі тұрғындарды мезі қылғаны да рас. Күз түскелі тазалаушы компаниялар жұмысты жеделдеткенімен, әлі де болса қаланың әр бөлігінен шашылған қоқысты көруге болады.

Мәселенің қыр-сырына үңілген қала билігі қалдық шығарушы мердігер мекемелердің де жағдайы мәз емес екенін анықтаған. Әсіресе, ұйымдардағы білікті кадр мен техника тапшылығы алаңдаушылық туғызып отыр. Салдарынан, күн сайын айналымға шығып қоқыс жинайтын арнайы көліктердің саны 70-ке жетеді. Талап бойынша оның саны 100 шақты болуы керек. Сондай-ақ, шаһарға әлі үш мың қалдық жәшігі қажет. Әкімдік қазір он арнайы техника алып компанияларға беруді жоспардап отыр. Ал, жұмыстары жүйелі және мінсіз болуы үшін көрсететін қызмет тарифін қайта қарамақ.

Асхат Шахаров, қала әкімі:

– Қазіргі тарифпен әрине ешқандай компанияны дамытуға мүмкіндіктері жоқ. Тағы да қазір анализ жасадық. Тарифті енгізуге біз ұсыныс енгіземіз. Ол керек. Біз бюджеттен оған қосымша субсидия ретінде мына автобустар сияқты қаржы бөле алмаймыз. Қазір бастапқы 220 немесе 280 ге дейін тарифті көтереміз деп жоспарлап отырмыз.

Қала әкімінің айтуынша, тарифті көтеру шаһардағы күл-қоқыс мәселесін ретке келтірудің бір амалы. Ал, осы қызмет үшін тұрғындардан алынатын ақы соңғы рет биыл 104 теңгеден 180 теңгеге өскен еді. Бірақ, баға өзгермес бұрын қоғамдық тыңдау өтпек. Ал, қазір тұрмыстық қалдық шығаратын компаниялар ешқандай ақша төлемейтін абоненттерден берешекті қайтаруға көшкен. Ресми дерек бойынша қаладағы тұрғындардың 40 пайызы мүлде төлем жасамайды.

Жомарт Бақыткелді, қалалық ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

– Күнделікті абоненттерден ақша-қарыздарын төлеу жұмыстары жүргізілуде. Себебі, мекемелердің осы жұмыстарын, барлық жалақыларын, жағармайларын барлығын осы халықтың төлеген 180-200 теңгеге байланысты өтейді.

Қала тазалығын қамту үшін алдағы уақытта өзге өңірлерден де мердігерлер тартылуы мүмкін. Ал қазір облыс орталығында қалдықты сұрыптауға арналған европалық үлгідегі жәшіктер қою жүріп жатыр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков