Қостанай облысында екі спорт кешені пайдалануға берілді

Қостанай облысында екі бірдей дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірі шалғайдағы Жанкелдин ауданында, екіншісі Ұзынкөлде салынды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай іске асқан жобалар ауыл-аймақтарда бұқаралық спорттың дамуына септігін тигізеді. Бүгінде облыс тұрғындарының 34%-і дене шынықтырумен тұрақты айналысады.

Ұзынкөлдедегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында екі жылдың ішінде салынды. Жалпы ауданы 1179 шаршы метр нысанда ойын алаңы, фитнес, тренажер залы, шахмат бөлмесі бар. Спортпен айналысушыларға мұнда барлық жағдай жасалған.

Айдар Балғынбаев, жас баскетболшы:

- Осындай спорт залдары көптеген спортшылардың арманы. Алдағы уақытта мен және менің командалас достарыммен көптеген жетістіктерге жетеміз.

Дәл осындай кешен Жанкелдин ауданының орталығы Торғай елді мекенінде бой көтерді. Қысы-жазы мұнда бір мезгілде 30-40 шақты адам түрлі спортпен шұғылдана алады.

Ербатыр Рахатов, ардагер спортшы:

- Айтатыны жоқ. Керемет дүние. Қазіргі балалар бақытты. Мынандай кешен, мынандай спорттық форма. Қазір айтам, балаларға сабақты оқыңдар, спортпен айналыса беріңдер, бүкіл мүмкіншіліктерің бар.

Соңғы екі жылда облыста бокс мектебі, теннис орталығы сияқты бірнеше спорт нысандары ашылды. Жыл аяғына  дейін мұз спорт сарайы, олимпиадалық стандартқа сай келетін 50 метрлік жүзу бассейні пайдалануға берілмек. Жалпы биыл өңірде спортты дамытуға 10 миллиард тенгеден астам қаржы бөлінген.

Архимед Мұхамбетов, облыс әкімі:

- Ағымдағы жылы кәсіби спортқа бөілнген қаржыны қысқарттық. Үнемдеген қаржыны мемлекеттік спорт тапсырысқа бағыттап отырмыз. Яғни, 3 мың бала тегін спорт секцияларында спортпен шұғылданып отыр осы қаржыға. Сол балалардың көбісі көп балалы және аз қамтылған отбасыдан шығып отыр.

Бұқаралық спортпен халықты әлі де кеңірек қамту үшін алдағы екі жылда ауыл-аймақтарда тағы алты дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланып отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг