Қостанай облысында газ құю бекеттерінің қоры таусылды

Қостанай облысында автокөлікке газ құю бекеттерінің бір-екі күндік қоры қалды.

Жергілікті тасымалдаушы компания өкілдері электронды биржа саудасындағы жаңашылдықтың кесірінен осындай жағдайға тап болдық дейді. Бұған дейін олар биржа саудасына жеке қатысып келсе, енді Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласы біріктірілген макроөңірлік құрамға енгізілген. Аталған аймақтар осы айға 38 мың тонна сұйытылған газға ортақ тапсырыс беріпті. Ал бөлінгені - небәрі 12 мың тонна. Қажетті көлемнен үш есе кем.

Махаббат Жұтаев, газ желісі ұйымының өкілі:

– Түймешекті экономиканы реттеу мүмкін емес. Биржа түсініксіз. Бәрі электронды бағдарламаға тәуелді. Компьютердің тоқтап қалатын кезі болады. Соңғы биржа саудасында сұйық газды 108 тоннадан бөлді. Біз соңынан іліктік. Алғаш кіргендері барынша қарпып қалған. Осы айда қолымызға тигені қажетті көлемнен 200 тонна кем шықты.

Дәурен Асқаров, Қостанай облыстық Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:

– Біз жақында Энергетика министрлігіне хат жолдадық. Онда макроөңірлік саудадан бас тартып, сұйық газды бұрыңғыдай әр облысқа бөлу тәжірибесін қайтаруды сұрадық. Сонда өзімізде бағаны тұрақтандыруға, қажетті қорды реттеп отыруға ыңғайлы болар еді.