Ақтөбеде Кубан өлкесінің жәрмеңкесі жұмысын бастады

Ақтөбеде Кубан өлкесінің ерекше тағам түрлері қойылған жәрмеңке жұмысын бастады. Жоғары талғаммен дайындалған ет және сүт өнімдері, түрлі-түсті дәмдеуіш қоспалар, сондай-ақ денсаулыққа пайдалы тек балдан жасалған тәттілер қала тұрғындарына ұсынылды. «Керуен СИТИ» сауда-ойын сауық орталығында өтіп жатқан жәрмеңкедегі өнімдер кез келген тұтынушыны таңқалдырады.

Ерекше әдіспен әзірленген өнімдер жәрмеңкеге келушілердің назарынан тыс қалмады. Тек шұжық түрлері кез келген тәжірибелі аспазды таңқалдырмай қоймайды. Көбі жылдар бойы қалыптасқан мәзір бойынша дайындалған.

Ашот Андреасян, шаруа:

- Біз ет өнімдерінің көп түрін әкеліп отырмыз. Оның ішінде қой, сиыр, жылқы, құс және бұғы етінен жасалған шұжықтар да бар. Ысталған түрлерінің дәмі тіл үйіреді.

Сөреге қойылған заттардың алдымен дәмін көруге де болады. Кейін өнімнің сапасы мен ағзаға пайдасы туралы да біле аласыз. Сатушылар әрқайсысын толық түсіндіріп береді.

Полина Савицкая, қала тұрғыны:

- Шынымен де өте балғын, жұмсақ. Әрі тұздың мөлшері де қалыпты. Керемет.

Еттен өзге Сочидан әкелінген шайдың алуан түрі келушілер назарына ұсынылды. Ал Абхазия жерінен жеткізілген әртүрлі түстегі дәмдеуіштер жәрмеңкенің басты ерекшелігі болып тұр.

- Паприка копчёная, паприка сладкая, чёрный кунжут, очень много кальция, очень полезен.

Сөредегі тәтті тағамдар да дастарханның сәнін келтірмек. Жаңғақтар мен балдан жасалған тосаптар, армяндық чурчхела және пахлаваны да таңдау мүмкіндігі мол. Дәмі тіл үйірер болғанымен құрамында қант жоқ.

Зайгүл Аманова, сатушы:

- Мәселен, щербеттің құрамында таңқурай, анар жемістері бар. Асқабақ шемішкесінен жасалғандары да жетерлік. Барлығы да асқазанға пайдалы.

Жәрмеңке жұмысы Ақтөбеде он күнге созылады. Кейін еліміздің Павлодар, Семей және Өскемен қалаларында жалғаспақ.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдагалиев