Қостанайлық тұрғындар қалалық әкімдікке сеніп, жылусыз қалды

Қостанайдағы жеке сектор тұрғындары әкімдік уәде еткен газды әлі күтіп отыр. Көгілдір отын келеді деп, пештерін бұзып тастаған. Енді қоңыр күзде үйлерінде қалтырауға мәжбүр. Газбен қамтушы компания жұмыстарды соңына дейін жеткізуге дайын. Алайда қалалық әкімдіктің құжаттары дайын емес.

Күні бойы қосулы болатын элект жылытқышынан Анна Киселеваның үйіндегі тоқ сымдары жиі күйіп кетеді.  Кейде әлі бұзып үлгермеген ескі пешті жағуға мәжбүр. Газды күткендіктен, биыл көмір де дайындамапты.

Анна Киселева, Қостанай-2 шағын ауданының тұрғыны:

– Газ қыркүйек айының ортасында беріледі деген үміт болды. Бірақ әлі жоқ. Күні кеше көмірге тағы тапсырыс жасадық. Оның өзін қымбатқа зорға таптық. Қатты отынның екі тоннасын 34 мың теңгеге алғанбыз. Екі айға жетуі тиіс. Ал ағаш отынды бүгін әкелетін шығар. Оның қаншаға шығатыны белгісіз.

Төрт көшенің тұрғындары үйлерінде тоңып отыр. Бұл шамамен жүзге жуық үй. Жартысы көмірмен жанатын пештерін бұзып тастаған. Ал электр жылытқышынан пайда жоқ.

Алёна Гермес, Қостанай-2 шағын ауданының тұрғыны:

– Электр жылытқышы тұрған бөлмедегі ауа температурасы 16 градустан аспайды. Қалған бөлмелер өте салқын. Түнде екі-үш көрпеге оранып киімізді шешпей жатамыз.

Газ құбыры шағын ауданға екі жыл бұрын тартыла бастаған. Тиісті қондырғылар мен пештерді орнатуға әр жанұя 700 мың теңге жұмсаған. Бірақ жұмсалған қаржының игілігін көргендер жоқ.

Сәуле Лавринец, Қостанай-2 шағын ауданының тұрғыны:

– Арыз-шағым жазған жеріміз қалмады. Прокуратураға, қалалық және облыстық әкімдікке де жағдайды жеткіздік. Еш жерден жауап келмеді. Қаңтар айынан бері әне-міне қосамыз деп жүр.

Ал газбен қамтушы компания жаңа абоненттерді қосуға дайын. Тек тапсырыс беруші, яғни қалалық әкімдіктен қажетті құжаттардың рәсімделуін күтіп отыр.

Қанат Ерленұлы, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ҚОФ бөлім басшысы:

– Екінші Қостанай ықшам ауданын газдандыруға тапсырыс беруші Қостанай қаласының әкімдігі боп табылады. Бүгінгі таңда біздің филиал заң жүзінде қолданыстағы газбен қамту жүйесіне қосыла алмайды. Себебі әкімдік нысанды қабылдау актісін әлі күнге дейін тапсырған жоқ.

Жағдайға қатысты қалалық әкімдік түсінік бермеді. Ал тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің қалтырап отырған жұртқа айтары – тағы екі апта  шыдау керек. Болжам бойынша газ осы айдың ортасында келуі тіис. Бірақ ол да нақты емес.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров