Алматылық экстремал спортшылар Қазақстан рекордын жаңартады

Алматылық экстремал спортшылар – Шыңғыс Байқашев пен Нияз Жанұзақов Қазақстан рекордын жаңартуға бел буды.

Спортшылар Медеудегі 840 баспалдақпен 24 сағат бойы жүгіреді. «Денсаулық баспалдағы» тау трекингімен шұғылданатын эстремал спортшыларға да, жалпы алматылықтарға жақсы таныс. Жыл сайын бұл жерде қала тұрғындары арасында баспалдаққа шығу жарысы өтіп тұрады. Биыл пандемияға байланысты дәстүрлі шара өтпей қалды.

Шыңғыс пен Нияз жаңа рекорд орнатып, қала тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Спортшылар бір тәулікте баспалдаққа 70 рет шығып, түсуді жоспарлайды. Арасында ас-ауқат ішіп, біраз тынығып алу үшін үзіліс те болады. Күн райы суытып, ертең қар жауатындығына қарамастан қайсар жігіттер баспалдаққа шығуды бүгін кешкі сағат алтыда бастады.

Шыңғыс Байқашев, спортшы-экстремал:

– Медеудегі баспалдақ қаланың төлқұжаты іспетті. Біз адам мүмкіндігінің шексіз екендігін көрсеткіміз келеді. Бұл әрбір алматылық үшін, қала қонақтары үшін таза ауадағы ерекше жаттығу нысаны. Сондықтан бізден кейін еліміздің және шетел спортшылары да осы баспалдаққа шығып, бағы мен бабын байқап көрсе деген ойымыз бар. Мәселен, екі, алты, тіпті, 12 сағаттық жаттығу жасаса да жаман емес.